Фото: kolesa.kz
Ішкі істер министрлігі өкілдері шетелдік көліктерді заңдастырудан кейін жоспарлы тексеру жүргізілетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.
"Көліктерге жүргізілетін рейдтерге келетін болсақ, расында да, біздің қызметкерлер бұл туралы бір кездері айтқан еді. Бірақ әңгіме жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау туралы емес, жол қозғалысы ережелері бойынша барлығы тең және бәрі бірдей орындалуы керек. Біз шетелде тіркелген көліктерді мақсатты түрде анықтамайтынымызтуралы әңгіме болды, өйткені бұл мәселе бойынша бірыңғай ұстаным болған жоқ. Бүгін ол анықталды", - деді ОКҚ брифингінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Еске салайық, шетелдік автокөліктерді бір реттік заңдастыру 2023 жылғы 23 қаңтарда, дүйсенбіде басталады.
Оның айтуынша, шетелдік көліктерді заңдастыру аяқталғанша рейдтер жүргізілмейді.
"Бірден ескертемін, заңдастыру аяқтала салысымен біз "Заңды жүргізуші" рейдін жүргіземіз. Содан кейін шетелде тіркелген барлық көлікті құжаттарының бар-жоғын, құжаттарға сәйкесін тексереміз және олардың неге әлі тіркелмегенін анықтаймыз", - деп түйіндеді ол.
Көрсетілген қағидаларда автомобильдер қандай жағдайларда 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесін төлей отырып және утиль алымнан босатыла отырып, жария етілуге жататын нақты өлшемшарттар белгіленген.
Ол үшін біріншіден, көлік 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінуі керек.
Екінші - іздеуде болмауы қажет;
Үшінші - басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы қажет;
Төртінші - кедендік "тазартудан" өту.