12 қар, 2025 сағат 12:52

Министрлік мектептерде смартфон қолдануға тыйым салуды қолдамайтынын мәлімдеді


Фото: egemen.kz
12 қарашада өткен Мәжіліс отырысында депутаты Асхат Аймағамбетов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкіліне балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне жас шектеуін енгізу, оқушылардың мектептерде смартфон қолдануына шектеу қою мәселелері жөнінде сұрақ қойып еді, министрлік ешқандай шектеу қарастырып отырмағанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz

"Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға мысалы 5–6 жастан бастап еш кедергісіз тіркеле алады — тіпті ата-анасының келісімінсіз әрі ешқандай верификациясыз. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елдерде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелуге рұқсат жасы — 15–16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген: жас бойынша жыне әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен ғана жүзеге асады. Цифрлық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі осы мәселе бойынша позициясы бар ма?" —  деді депутат.


Аймағамбетовтің сұрағына жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі Дмитрий Мун қазіргі кезде әлемде керісінше балаларға түрлі әлеуметтік желіге тіркелуге рұқсат берілуде, бірақ оларда шектеу бар екенін айтады. Оның себебі қоғамның дамуын тежемей, бақылау. Біздің министрлік те осы бағытты ұстанбақ.

Депутаттың екінші сұрағы мектептерде смартфон қолдануға мемлекеттік ұстаным бар ма екендігі төңірегінде болды. Асхат Аймағамбетов тағы да шет мемлекеттерді мысалға келтіріп:

"Англия, Нидерланд және әлемнің 40%-дан астам елдері мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған. Қазақстанда да бірқатар алдыңғы қатарлы мектептер — NIS, БИЛ, «Дарын»- сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі өте жақсы. Оң әсері байқалды: балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаңдаушылық азайды. Алайда елдегі көптеген мектептерде жағдай өзгеше: мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады. Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктері бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін қандай ұсыныстары бар?", —  деді ол.


Бұл сұраққа да жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі бұл мәселе жаңа Кодексте қарастырылмағанын мәлімдеді.

"Министрліктің ұстанымы —  жаңа ұрпақты телефонды дұрыс пайдалануға үйрету және олардың жаңа техниканы, жасанды интеллектіні және интернетті жұмыс барысында пайдалануда артта қалмауын қадағалау", — деді ведомство өкілі Дмитрий Мун .

Айта кетейік, 12 қарашада Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасында Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қаралды.