Фото: ашық дереккөз
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 6 баласы жоқ көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Соңғы күндері бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желі парақшаларында тек 6 және одан да көп баласы бар отбасылар ғана көпбалалы деп танылады деген жалған ақпарат тараған.
Министрліктің ресми мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар көпбалалы отбасы мәртебесін иеленеді. Бұл отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді, және ол табысқа қарамастан беріледі.
2025 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері:
-
4 балаға – 63 030 теңге
-
5 балаға – 78 798 теңге
-
6 балаға – 94 565 теңге
-
7 балаға – 110 332 теңге
-
8 және одан көп балаға – әр балаға 15 728 теңге
Сондай-ақ, 6 және одан да көп бала туған аналарға «Күміс алқа», «Алтын алқа» сынды марапаттары болған жағдайда қосымша жәрдемақы төленеді:
-
«Күміс алқа» иегеріне – 25 165 теңге
-
«Алтын алқа», «Батыр ана» немесе «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға – 29 097 теңге
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды. Мұндай әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
