17 қаң, 2024 сағат 14:27

Ағзамды донор ретінде беруге келісемін - Ажар Ғиният

Фото: t.me/KZgovernment

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өлімнен кейінгі ағза донорлығы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ведомство басшысы қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісетінін айтты.

«Жеке сіз өлімнен кейінгі ағза донорлығына келісім бересіз бе?» - деген сұраққа ол «келісемін және ниетімді білдірдім» деп жауап берді.

Сондай-ақ, министр осы мәселе туралы арнайы регистрде 40 мыңнан астам адам пікір білдіргенін айтты.

«Адам өмірін сақтау үшін кейбір қайтыс болған адамдар немесе олардың туыстары өз ағзаларын қиын жағдайда жүрген, созылмалы аурулары бар, жүрегін, бүйрегін алмастыруды қажет ететін адамдарға ағзасын бере алады. Заң жүзінде оған қажетті барлық норма бар. Сонымен қатар министрлік жанындағы мекемеде жасалған электронды регистр бар. Біздің әрбір кәмелетке толған азамат сол регистрде өз ағзасын өлгеннен кейін басқа мұқтаж адамға беру мәселесі бойынша пайымын жазып кете алады. Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам ел азаматы осы регистрде ойын білдіріпті. Соның 15 пайызы қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын басқа азаматтардың өмірін сақтау үшін беруге келісетінін айтқан.

Бұл мәселе қоғамның кешенді талқылауы арқылы реттелу керек. Министрлік бұл бағытта ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Ажар Ғиният.