ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар су шаруашылығы нысанын аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақсу ауданында «Ақешкі» су қоймасына барды. Су қоймасы қатты лайланған. Оның себебі жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде Ақешкі өзенінен үлкен көлемде лай келеді. Салдарынан, суармалы жерлерге су толық көлемде жетпейді. Мәселен, 460 га суармалы жердің 257 га-на ғана су беріледі.
Мәселе жедел әрекет етуді талап етеді. Атап айтқанда, су қоймасын арнайы техниканың көмегімен, механикалық тәсілмен тазарту керек. Бүгінгі таңда Жетісу филиалының балансында ондай техника жоқ. Нұржан Нұржігітов еліміздің су қоймаларын жыл сайын тазарту үшін «Қазсушар» РМК филиалдарына арнайы техника сатып алу мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.
Одан әрі Қызылағаш су қоймасына барып, Қызылағаш өзеніндегі су қоймасы бөгетін, су тарту гидроторабын және магистральдық каналды реконструкциялау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бойынша жобамен танысты. «Қазсушар» РМК жергілікті филиалының басшылығы нысанды пайдалануға беру үшін «Қазгипросушар» институты ӨК талаптарына сәйкес технологиялық сынақтар жүргізу қажет екенін мәлімдеді. Яғни, су қоймасын жобалық көлемі 42 млн текше метрге дейін толтыру қажет. Министр баяндамаларды тыңдағаннан кейін барлық қатысушы тараптарға нысанды пайдалануға беру процесін жеделдетуді тапсырды.
Нұржан Нұржігітов Қызылағаш су қоймасындағы қауіпсіздік жүйесін мұқият бақылады. Бірнеше жыл бұрын болған қайғылы оқиға қайталанбас үшін нысанда дабыл жүйесі жұмыс істейді. Соның арқасында Қызылағаш және Егінсу ауылдарының тұрғындары қауіпті су тасқыны кезінде ескерту алады. Автоматтандырылған басқарудың арқасында жүйе электр қуаты өшкен жағдайда да дизельді генератордың көмегімен жұмыс істей береді.
Министр Ақсу ауданында Қызылағаш суару алабы құрылысының барысымен танысты.
«Жоба өте маңызды, өйткені суармалы суды ұтымды пайдалану үшін ылғал үнемдейтін технологияларға, яғни тамшылатып және жаңбырлатып суаруға белсенді көшу қажет. Осыған байланысты Жетісу облысының әкімдігіне ылғал үнемдейтін технологияларға көшуді 4%-дан 30%-ға дейін арттыру керек»,- деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, Ислам Даму Банкі берген несие есебінен іске асырылып жатқан Ақсу ауданының суару желілерін реконструкциялау жобасының жай-күйімен таныстым. Жоба бойынша арналардың жалпы ұзындығы 349 шақырымды құрайды. Алайда тамыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылып, мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылды. Мұның себебі нысандағы құрылыс жұмыстары өте баяу қарқынмен жүріп жатты. Министр басқа мердігерді анықтау үшін мүмкіндігінше тезірек байқау өткізуге тапсырма берді.