16 қаз, 2018 сағат 09:51

Министр қазақстандықтардың жалақысы туралы айтты

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың айтуынша, 2018 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Қазақстан экономикасы өсімнің оң қарқынын сақтап тұр.

«Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1%-ға дейін артты. Бұл осы жылдың сегіз айындағы көрсеткіштен 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Базалық салалардың ішінде сауда саласы мен құрылыс саласындағы серпіннің қалпына келуі өсімнің үдеуіне негізгі үлес қосты. Сондай-ақ, инфляциялық қысымның жеңілдеуі және инвестициялық сұраныстың артуы экономикалық белсенділіктің импульсі болып отыр», — деді Т. Сүлейменов.

Инфляция деңгейі 5–7% дәлізі шегінде сақталып отыр. Қыркүйекте инфляция 0,4%, ал жыл басынан бері 3,3% құрады. Бұл ретте жылдық инфляция — 6,1% құрады.

ҚР ҰЭМ деректері бойынша, кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінің жоғары көрсеткіші сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінде 12 өңір өсім көрсетті.

Биылғы тоғыз айда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4,8% құрап, өткен айдың деңгейінен 0,1 пайыздық тармаққа асып түсті. Бұл ретте жыл бойынша мақсатты индикатор — 3,3%. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 5,1% құрады, бұл мақсатты көрсеткішке сәйкес келеді. Бұған қол жеткізу түсті металдар өндірісінің 4,5%-ға , мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің — 7,5%-ға, химия өнеркәсібі өндірісінің — 8,2%-ға, қағаз және қағаздан жасалған өнімдер өндірісінің — 9,2%-ға, жиһаз өндірісінің — 5,1%-ға, сондай-ақ машина жасаудағы өнім шығарудың — 14,5%-ға артуына негізделген.

«Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім қарқыны 4,9% құрады. Осы жылдың өткен айымен салыстырғанда көмір, лигнит және мұнай өндіру көлемінің өскені байқалады.

«Құрылыс саласында 4,4% өсім белгіленген. Өсімнің жылдамдауы тұрғын ғимараттарды, өнеркәсіптік нысандарды, нөсерлік кәріз жүйесінің магистральді коллекторларын салу, автокөлік жолдарын реконструкциялау, МӨЗ жаңғырту жұмыстарының ұлғаюымен байланысты», — деді Т. Сүлейменов.

Бұдан өзге, қызметтер көрсетуде 3,9%-ға қалыпты өсу байқалады. Негізгі үлесті қосқан сауда саласы. Саудадағы белсенді өсім іскерлік белсенділікті ынталандырады. Бүгінгі күні белгіленген кестелерге сәйкес мұнай мен металл жөнелту, астық, жабдықтар, фармацевтика және басқа да өнімдерді сату қарастырылған.

Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап тұр: сегіз айда өсім 21,6% құрады. Сонымен қатар, экспорт 28,2%-ға, импорт 10,8%-ға артты.

Еңбек нарығында тұрақтылық сақталған. Жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмыспен қамтылған (1 қазандағы жағдай бойынша). Еңбек ақысы қалыпты қарқынмен өсуде. Осы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында орташа айлық еңбек ақы 158,2 мың теңгені құрап, нақты мәнінде 1,9%-ға өсті. Нақты еңбекақының өсуі мен инфляциялық процестердің бәсеңдеуі жағдайында нақты ақшалақ кірістер қаңтар–тамыз аралығында 3,5% артты.

«Қыркүйекте экономиканың 6%-ға өсуінің арқасында, жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімін 4+ деңгейінде сақтауға жол ашылды. Бұл үшін IV тоқсанда экономика дамуын кем дегенде 3,9% қамтамасыз ету қажет», — деді Т. Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев жыл басынан бері инфляция деңгейі 3,3%-ға жеткенін хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Инфляция жылдық көрсеткіште 6,1%-ды құрады, 2017 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 7,1% болған. Ұлттық банктің болжамы бойынша, биыл инфляция 5–7% дәлізінде сақталады.

Ұлттық банк төрағасының пікірінше, инфляцияны басқарудың тиімділігін арттыру үшін оны 2019 жылдың мақсатты дәлізінде сақтау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, Д. Ақышев Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін арттыру туралы шешімін хабарлады.

«Ұлттық банк кеше базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Жаңа базалық мөлшерлеме деңгейі теңгелік активтерге деген сұранысты арттырады және қолайлы ақшалық–несиелік шарттарды сақтайды», — деді Д. Ақышев.

Сонымен қатар, қыркүйек айының соңында ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін азайды.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы тоғыз айда мемлекеттік бюджет кірістерінің (трансферттерсіз) өсімі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артқанын жеткізді. Шығыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа артық болған.

«Республикалық бюджеттің кірісіне 4066 млрд теңге түсті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 131 млрд теңгеге немесе 103,3%-ға артық. Өсу қарқыны өткен жылдың 1 қазанымен салыстырғанда 119,5% немесе 662 млрд теңгені көрсетті. Оның ішінде шикізаттық емес кірістер 501,4 млрд теңгеге артты», — деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджеттің шығыстары 7,092 трлн теңгені немесе 99,2%-ды құрады. 1 қыркүйекпен салыстырғанда игеру көлемі жақсарды. Жергілікті бюджеттер шығыстары 3,496 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны — 32 млрд теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге кем. Есепті кезеңде өңірлерге сомасы 523 млрд теңге мақсаттыы трансферттер аударылды. Жергілікті деңгейде олар 96,6%-ға немесе 506 млрд теңге игерілді. Атқарылмағаны 16,3 млрд теңге, оның ішінде 1,5 млрд теңге — бюджет қаражатын үнемдеу. Игерілмегені — 14,8 млрд теңге. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі игерілмеу сомасына қарағанда 2,7 есеге аз.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылға арналған республикалық бюджетте 476,3 млрд теңге көзделген. 294,9 млрд теңге немесе есепті кезең жоспарының 99,6% игерілді. Жылдық жоспар бойынша игеру 61,9%-ті құрады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерге бөлінген қаражаттың игерілуі республика бойынша қарағанда біршама төмен. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 85,9 млрд теңге аударылды. 84,9 млрд теңге игерілді. 831,8 млн теңге игерілген жоқ.

Ә. Смайылов Қаржы министрлігінің жыл соңына дейінгі міндеттері туралы баяндай отырып, бірінші кезекте, Мемлекет басшысы Жолдауының іс-шараларын белгіленген мерзімде орындау қажеттігін атап өтті. Екіншіден, 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп оны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажет. Үшіншіден, кірістер және шығыстар бойынша қаржы жылын сапалы аяқтау міндеттелген.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындыларын қарау нәтижесі бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ЖІӨ өсімі тоғыз айдың қорытындысы бойынша 4,1% құрағанын атап өтті. Осы жылдың сегіз айының қорытындысымен салыстырғанда үлкен өзгерістер болды. Бұл — бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар, Үкімет мүшелерінің назары қолда бар қорларға аударылды.

Үкіметтің жобалық басқару жүйесі Мемлекет басшысының жақында жариялаған Жолдауын орындау үшін барлық мүмкіндіктердің бар екенін көрсетті. Осыған орай, қалған екі айды жыл соңына дейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арнау керек. Өңдеу өнеркәсібі саласының, соның ішінде фармацевтика, тоқыма (киім, былғары өндірісі) және т.б. салалардың мүмкіндіктеріне көңіл бөлінді.

Қаражаттарды игеру мәселесі бойынша, бүгінгі күні Парламентке 2018 жылғы республикалық бюджетті нақтылау нәтижесі жіберілді, оған сәйкес тоғыз айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаражаттар қайта бөлінді. Сегіз айда бюджетті игеру қорытындыларын қарау кезінде қаражат көп игерілмеген орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан қаржы қайтарылып, басқа мемлекеттік органдардың міндеттерін іске асыруға қайта бағытталады. Премьер-Министр игерілмеген қаражаттар осы жылдың әр айының қорытындысы бойынша қайта бөлінетінін айтып өтті.