Негізі әлімсақтан бері адам баласы мына дүниеге келгелі өз тіршілігін, тұрмысын ғылымсыз елестету мүмкін емес. Ғылым білік деген сөз. Сол біліктің басы "құтты білік" ол әрине дін болды. Себебі дін Жаратушымен тікелей байланысты адамның ең негізгі панасы болатын.
Өткен ғасырда адамзат тарихына үлкен ревизия жасалды. Адамды сол "құтынан" айыруды басты мақсат еткен позитивизм теориялары шығып, адамзат тарихында ең бірінші рет кеңестік идеология ретінде практикалық тұрғыдан қолданылды. Кеңестік жүйе оны ғылыми атеиз ілімі ретінде өмірінің соңына дейін дәріптеді.
Позитивизм рухани әлемді, рухты, киеліні, құтты, ақыретті, тағдырды, Алланы мойындамады. Оның негізгі аспектісі материалды әлем, тән, ақыл, еңбек, эволюция, тәжірибе,сосын табиғи даму диалектикасы болды. Қолмен ұстап, көзбен көрмейтін, ақылға сыймайтын, тәжірибеге айналмайтын, гипотезаға бағынбайтын нәрселердің барлығы адамды құл қылатын өзіне өзі жат қылатын танымдар ретінде жоққа шығарды. Мына әлемді билейтін тек адам ғана болу керек деп гуманизм сияқты қосалқы идеологияларды, дарвинизм сияқты қолдан жасалған механизмдерді алған тартып, ғылыми танымды ең басым құрал деп дәріптеді. Сонымен осы теорияға сай Батыста Гегел шығып "философия өлді" деп мәлімдеді. Оның орнына ғылым салтанаты тақ құрады деп жар салды. Бұл жерде адамзат тарихында ғылым онсызда салтанат құрып келгендігін жасырып бақты. Адамды қоршаған танымдардың өзін ревизиялап, орындарын ауыстырып, біріншілік, екіншілік деген сияқты басымдылықтар мне иерархиялар ойлап тапты. Бұған грек философиясынадағы "сана мен болмыс" қатынасының иерархиялық байланыстары негіз болды.
Осы теория негізінде кеңестік режим жаңа идеологиялық ғылыми атеизм ілімін ойлап шығарды. Жалпы ол кезде бәрі тек ғылыми болу керек болатын. Философияның өзін ғылыми философия деп анықтады. Философияда да объект пен субъект қана бар "третьего не дано" деп топшылады. Ал оған дейін адамзат Алла, Адам, Әлем арасындағы қатынастар бойынша ой толғайтын. Адам мен әлем арасындағы қатынастар ғана адамды рационалылыққа, шынайы ақиқатқа жеткізеді деп білді. Ал ортасына Алла араласса, онда таным да объективті болмай қалады, ол жалпыға бірдей сезілмеген соң, танылмаған соң оның ғылымилығы да жоқ. Сол себепті үшіншісі Алла артық деп тапты.
Енді осы теорияларды практикада қолдану қалды. Оған да Батыстың әсіресе Франциядағы революциялық құбылыстар мен лаицизм теориялары негіз болды.
Бірінші тезис ретінде Адам мен Алла арасын ажыратуды қолға алды. Екінші мемлекеттік жүйені діннен ажырату Батыстық тілімен айтқанда лаицизм-секуляризм ұстанымдарын құқықтық тұрғыдан ғана емес, болмыстық, әлеуметтік, психологиялық, аксиологиялық және моральдық тұрғыдан ажыратып көрсетті. Бұл жерде үлкен ірі мектептер жұмыс істеді. Болмыс киесіз, әлеумет те құндылықсыз, писхология да рухсыз, мораль да ождансыз қабылдауды басты принцип деп көрсетті. Себебі идеясы Алланы жоққа шығару, атеизмді ұлықтау болатын.
Содан мемлекет діннен ажыратылды, мәдениет те діннен ажыталды, жалпы қоғам дінсіз, ең соңынан адам да дінсіз, Алласыз еркіндікке жетуі тиіс болатын.
Енді бүгін біз демокртиялық, әлеуметтік, құқықтық және зайырлы мемлекетпіз. Зайырлылық секулияризм емес. Ол тек қана құқықтық ұстаным. Оның мәні мемлекеттің саяси құқықтық шешімдері діни негізде қаралмайды. Дні мен мемлекет осы негізде өзара бөлек болады. Ал қазіргі тұжырымдар дінді тек мемлекеттен ғана емес, мәдениеттен де, болмыстан да, экономикадан да, әлеуметтен де, отбасынан да, өнерден де, медицидан да, ажыратып, "зайырлы қоғам" лозунгысын тықпалап жатыр. Мақсат исламофобияны сейілту. Елбасы "терроризммен күресеміз деп, исламмен күресіп кетпеңдер" деген ескертуі жолда қалды. Ал зайырлылық ұстанымы демокртаиялық егмен елде тек мемлекет үшін танылған құқықтық ұстаным. Теориясы да ақиқаты да осылай. Ислам табиғатынан зайырлы дін. Ол дін мен дүние, Алла мен әлем, адам мен ақыретті өз алдына жүйелеп танытатын, қабылдайтын дін.
Сондықтан зайырлылық ол мемлекетке ғана қатысты ұстаным, Ол қоғамға қатысты емес. Олай болса кешегі кеңестік атеизм ұстанымынан еш айырмашылығы қалмайды.
Сосын демокртаиялық елде адам құқы тең, оның кәсібіне міндетіне, қызметіне қарай құқы анықталмайды. Құқық бір, бірақ жауапкершілігі мен міндеттері нақтыланады. Ал қазір бізде мемлекеттік қызметтегілер діни сенімдерін жүзеге асыруға шектеу, тыйым салынбақшы. Бұл деген сөз биліктің сауатсыз ұстанымы арқылы қоғамда қолдан "каста" жасау деген сөз.
Жалғасы бар...
Досай Кенжетай,
Ұлт порталы
Бүгінгі кейіпкеріміз – Ақберен Елгезек. Әңгіме - темір жол бекетінде өтті. Әдебиетке екімыңыншы жылдан кейін келген. Ақын, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты. «Көк бөрінің рухы», «Көлеңкелер күбірі» жыр-жинақтарының авторы. Кезінде «Қазақ әдебиетін қолдау» қорын құрған. Ол қор Республикалық әдеби-танымдық «Кентавр» газетін шығарып тұрды. Интернет жүйесінде өте танымал. Өзінің поэтикалық сайты бар. Ол өлеңге келген жоқ. Өлең оған келді. Ақынға. Күтпеген жерден емес. Күткен жері - тағдыры. Бір қарағанға, сырт келбеті Есенинді есіңізге түсіреді. Жаны... Құштарлық бар. Сол сезім - оның әлемінің қозғаушы күші. Сергек. Жаңашыл. Дәстүрді жоққа шығарушы емес. Әдемі киінгенді ұнатады. Эстет. Сыйлас адамдарымен қарым-қатынаста өзін екінші орынға ысырып қойып жүреді. Мақсатшыл, мүддешіл. Беймәлім, тылсым атаулыға ынтық. Жетінші айдаһардың әлемін іздейді. Поэтикалық ізденісі - өзін тануға ұмтылу. – Мыңжылдықтың жаны – бір сәтте, жалқы сәтте. Кез келген тарихи оқиға ғасырлар бойы толғатқанымен, іште піскенімен бір-ақ сәтте өмірге келеді. Қарасаңыз, әр философиялық дәуірді ашатын бір ойлау жүйесі, әр поэтикалық дәуірді ашатын сезіну феномені болады. Қалай ойлайсыз, жаңа кезеңдегі поэтикалық дәуір ашылды ма, ашылса, оның стихиясы не? – Жаңа поэтикалық дәуір бір ғана өлеңнің дүниеге келуі үшін ашылатын секілді. Сол бір ғана өлеңді жазу үшін қаншама буын мен бір-біріне ұқсамайтын таланттар дүниеге келіп, алмасып жатады. Бәлкім, ол өлең жазылғаннан кейін де қанша буын келіп кетуі мүмкін. Мәселе сол бір қасиетті шумақтардың толғағында болып отыр. Бірақ ол өлеңді бір ғана әулие ақын жазатыны сөзсіз. Жаңа ғасырдың, тіпті жаңа мыңжылдықтың басталысымен сол бір өлеңге деген бәйге басталып кетті. Ол жазылып қойды ма, жоқ па, оны Тарих көкем айтсын. Дегенмен жаңаша сөз саптау мен өзгеше пайымның келгені даусыз. Ол біреуге түсініксіз, тұманды-бұлдыр шатпақ-шимай болып көрінер. Оған ренжудің қажеті жоқ. Солай ойлағандардың талғамы өткен уақытқа деген сағыныштан ғана тұрады. Жаңа поэзияның стихиясы – мұң. Оны қасіреттену деп түсіну қате. Мұң – жаңа поэзияның көкжиегіне ертіп апаратын сұлу жолсерік. Өлеңнің туылу алдында мұң тұрмаса, ол өлең шетінеп туған бала сияқты болады. Былайша айтқанда, поэтикалық атмосферасы сезілмейді. Себебі мұң – Тәңіри махаббаттың бастауы... Ал нағыз поэзия - ғарыштық ауқымдағы мұңлы шаттық болуы тиіс! – Қасиетті кітаптарда Абылдан ұрпақ тарамағандығы жайлы айтылады. Және «оның қаны әлі күнге дейін шыңғырып тұр» делінеді. Осы дауыс... Әулиелер мен ақындардың өмір тарихы, жан дүниесінің тарихында әлдебір «күбір» естігендіктері жайлы деректер бар. Бұл – адамзат баласының алғашқы күнәсін, априори қателігін еске салатын дауыс деп ойлайсыз ба? Әлде жай ғана аңыз ба? – Ақын болмасам, мұны аңыз дер едім. Жаратылыста ештеңе кездейсоқ емес. Әлмисақта рухтары жаратылып, өмірге келмеген Абыл ұрпақтарының қасыреті сұмдық, әрине. Дегенмен Тәңір адамға жарық пен нұр туралы түсінікті түнек арқылы берген. Абыл – ең алғашқы құрбандық. Оның өлімі мұндай сорақылықты білмеген Адам ата мен Хауа ананың өздеріне және олардың күллі ұрпағына зұлымдық туралы ақпаратты жеткізді. Ол өз кезегінде әділдікке құштарлық сезімінің пайда болуына алып келді. Әулиелер мен ақындар әділеттілік пен мейірімділікті насихаттайтын елшілер. Көп жағдайда сол «күбір» мен «сыбырды» естігендері үшін олар Қабылға ұқсап кеткен ұрпақтардың қолынан мерт болып жататыны өкінішті. – Адамдарды шартты түрде екіге бөлу бар: жақсы адам және жаман адам. Жақсы адам дегеніміз кім? Жаман адам дегеніміз кім? – Тәңір жаратқан бірде-бір тіршілік иелерінің жаманы жоқ. Жаратушы адамға таңдау құқығын берген. Әркім өз тағдырын өзі сомдайды. «Жаман адам» деп есептелінетін кісіні біз, бәлкім, түсінбейтін шығармыз. Ал ол өзі таңдаған жолын дұрыс деп есептейді. Оның қылықтарының дұрыс-бұрыстығын Жасаған ғана екшейді. Біздің оған хақымыз жоқ. – Жаман өлең дегенді қалай түсінесіз? – Жақсы ақын жаман өлең жаза алмайды дегенге келісіп алсақ... Қарапайым тілмен айтқанда, жаман өлең жазу оның қолынан келмейді. Талант - мұзарт шың секілді, оның басында тек мөлдір мұздықтар ғана тұрады. Шайқалса, әртүрлі арналармен тонна-тонна қар көшкінін ағызады. Ал «халтура» деген әдебиет пайда болған сәттен оның негізгі жауы іспеттес еріп келе жатыр. Ол кәдімгі басынан тек лай су ағатын төбешік секілді. Біраз уақыттан соң ол саз балшық, тоң болып қатып қалады ғой... Бәрі уақыттың еншісінде. – Кейде шығармашылықтан кетіп қалған адамдар «әдебиетті тастап кеттім» дейді. Қалай ойлайсыз, негізінде өлең тастап кетпей ме? Осы өлеңнің ұшып кетпеуі үшін жанның күйі қандай деңгейде болуы керек? Ақыннан сатқындық пен қатыгездік шыға ма? – «Әдебиетті тастап кеттім» дегенше, «менің жазатын потенциалым бітті» деген жөн. Себебі кез келген қаламгерге бүкілғарыштық ақпараттық қазынадан белгілі мөлшердегі шығармалар жиынтығы бұйырады. Ал өлеңнің ақыннан жиіркеніп ұшып кетуі шындық. Себебі ол қасиетті құс. Оған деген махаббатың сөнген сәтте ол сені тастап кетеді. Ақын үшін ең алдымен, жанның тазалығын қамтамасыз ету қажет. Киелі өлең-құс тек кіршіксіз ішкі әлемде ұшып жүруі тиіс. Рухани деңгейі жоғары адам ғана әдебиетте жүруге құқығы бар. Ақыннан қатыгездік де, сатқындық да шықпайды. Егер ол нағыз ақын болса. Ақын – ең алдымен болмыс. Ол болмыс таза және мейірім нұрын шашып тұруы шарт. – Өлең техникасы дегеннен шығады, жаңа мазмұннан жаңа пішін туа ма, әлде керісінше ме? – Адам жанының болмысы бетіне шығып тұратыны секілді, өлеңнің де пішінін мазмұны сомдайды. Керек десеңіз, қара өлең формасымен жазатын мойындалған ақындарымыздың өлеңдерінде өзіне тән, өзгеше стилі байқалып тұрады. Формалық ізденіс әдебиетке төңкеріс жасаймын деп келген әр ақында болатын әлек. Шынымды айтсам, мен де біраз әрекеттенген болдым. Болмады, негізі... Түсінгенім, өлең формаларының барлық түрі жасалып қойған секілді. Мүмкін, болашақта жасалатын шығар. Әзірге жаңа заман поэзиясының міндеті қолда бар формаларға мазмұндық өзгеше түр-өң беруде болып отыр. – Айту және жырлау. Осы бір нәзік аралықтағы құбылыстың аты не? – Ол құбылыстың аты – транс болар. Өлеңнің техникасын меңгеріп алғандар, құрастырып, тігісін жатқызып жаза береді. Ал нағыз өлең санаң ұйықтап, жүрегің – радиоқабылдағыш ретінде іске қосылғанда дүниеге келеді. – Шын жек көре алмаған адам шын сүйе де алмайды. Өмірде нені жек көресіз? – Сатқындық пен сертте тұра алмаушылықты. Сосын себебі жоқ өтірікті. – Әр адамның ішінде бір Нарцисс өмір сүреді. Сондай-ақ Горгона Медуза да. Өз ішіңізде кімді көбірек сезінесіз? – Әй, соның екеуі де бар-ау... Шығармашылықта нарциссизмен ауырмаған қаламгер – жазушы емес. Тіршілікте Горгона болмасаң, аштан өлесің... – Күндердің күнінде уақыттың алдында, тарихтың алдында, адамның алдында, тіпті ақ гүл мен қара тастың алдында да ақталуға тура келеді. Ақынды не ақтай алады? – Бірінші орында ақынды өз өлеңі ақтайтын шығар... Сосын сол ақынды сүйген арулардың әуеде қалықтап жүрген сезімдері... – Иә, әлемді сұлулық құтқарады, ал ақынды... кейде соның өліміне де себепші болып жататын тұстары бар ғой... – Сұлулықтан жүрегі жарылып өлген ақынды нағыз ақын деп есептейікші! Себебі ол сол сұлулықтың ішіне еніп, соған біржолата ұласып, мәңгі нұрланып тұрады. Сұлулық пен махаббат үшін құрбан болған ақында не арман бар?! Демек, ол Тәңірдің жіберген махаббаты үшін шейіт болды, ал Жаратқанның ұлы өлеңіндей үздіксіз оқылып тұрған мына әлем - сұлулық пен үйлесімнен тұрады. Соны өз ажалымен дәлелдеп кеткен ақын, шынымен, әулие емес пе?! «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деп кетті ғой Ұлы шайыр! Абайдың махаббаты сұлу өмірге деген толассыз ғашықтық қой, ал ол сүйіспеншіліктің шырқау шегі тіршіліктің қозғаушы күші - Тәңірге барып тіреледі... – Өткен күндердің өтеуі не? – Мен үшін Де-жавю боп келген өлең. Ал тарихтың өтеуі - жасалған қателіктердің болашақта қайталанбауында. – Өмір жолыңызда байқамай жанынан өтіп кетіп, кейін қанша іздесеңіз де таба алмаған адамдарыңыз болды ма? – Жүздеп болды! Ешқайсысын таба алмадым. Мысалға мен Киев қаласында бір керемет аруды көрдім. 5 секундық уақыт қана сол кеңістікте бізді жолықтырды. Әлі көз алдымда. Оны қайдан табамын? Ал сағыныш бар. Неге екені түсініксіз. Мүмкін, ол елес те шығар. Қайдан білейін?.. – Пайдалылық дегенді қалай түсінесіз? Өнердің пайдасы бар ма? – Оскар Уайльд айтқан ғой: «Өнердің кез келген түрі пайдасыз» деп. Сол айтты деп өнер атаулының бәрін жойып, жабайы, варварлық кейіпке түсіп кетейік онда! Адам тәнінің тіршілік етуіне азық-түлік қаншалық қажет болса, адам рухының тірі тұрып, кемелдене түсуіне өнердің қажеттілігі соншалық. Біз ең алдымен Тәңіри рухтан тұрамыз. Тән деген - жанның киімі. Шешеміз де кетеміз. Келесі ғұмырымызда рухымызды немен қуаттандырдық, немен азықтандырдық, ары қарай шарықтауымыз соған байланысты. Кітап оқымаған, рухани ілімге құштар болмаған адам азғындап, ақыр аяғы қылмыскерге айналмай ма?! Ал Жаратқанның алдына барғанда ол бейбақтың күні не болатыны түсінікті дүние ғой. Сондықтан өнердің, оның ішінде ең кербезі де, парасаттысы - әдебиет, мына ғажайып әлем тірі тұрғанда мәңгі жасайды. Бір қынжылтатыны, әдебиеттің пайдасын оны жасаушылар көре алмай кетеді... – Әңгімеңізге рақмет. Вокзал – көңіл күйдің мәселесі. А. қаласынан А. қаласына. Немесе А. қаласынан А. қаласына. Бәрібір емес пе?! Адамды ұстап қалатын нәрсе көп. Сөмкеңе бәрі сыймайды. Және ештеңе де жоқ. Әлдебір әуен... Таңертеңнен бері жатталып қалған, қайталанып келе береді: «Пора, пора, порадуемся на своем веку...». Ол үнемі жолға шығатындай көңіл күйде жүреді. Бірақ билет бүгінге емес. Қай күнге екені тағы да белгісіз. Ал А. қаласының шамдары – жап-жарық, жарықтың да көлеңкесі бар. Әңгімелескен Ерлан ЖҮНІСТолығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/debiet/kkzhiek/42305/Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз
6463 рет оқылды