ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауыр атлетикадан ұлттық құрама бапкерлерінің арасындағы жанжал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері Мәдениет және спорт министріне өзі барып тағайындап кеткен ауыр атлетика бас бапкерінің неге қазір жұмыс істемей жатқанын сұрады.
«Талдықорғанда өткен республикалық чемпионаттан кейін бүкіл облыстың бас бапкерлерімен отырыс болды. Солармен ақылдаса отырып, Дәурен Бекмахамбетов деген азаматты бас бапкер болуға лайықты деп есептедік. Жалпы, заң бойынша және регламентке сәйкес біздің бұл ұсынымызды Федерация өз атынан Ұлттық Олимпиадалық комитетпен бірге Министрліктің Спорт комитетінде ұсыныс ретінде беруі керек», - деген министр журналистерді бұл мәселе жыл аяғына дейін шешімін табатынына сендірді.
«Сонымен қатар, осы сұрақ біз жыл аяғында Ауыр атлетика федерациясында өтетін конференцияда да қарастырылады деп отырмыз. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп ойлаймын. Жалпы бәрі заң бойынша, рет-ретімен келе жатыр», - деді ведомство басшысы.