ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы облысында менингиттен адамның көз жұмуы оқиғасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ауыр жағдайдағы науқастар ең жақында орналасқан медициналық ұйымға жеткізілуі тиіс.
«Балаға қатысты оқиғада жақын жердегі Талғар ауруханасына жеткізу талпынысы болды. Алайда сәбидің анасы өзі Алматыға бағыт алып, сол жерден жедел жәрдем шақыртты. Осы орайда қанша уақыт жоғалғандығы айқын көрініп тұр. Ал оның туысқанына қатысты оқиғаға тоқталсақ, аталған әйелдің сөзі бойынша, науқасты Талғардан Қаскелеңге жеткізбек болған. Осы жағдай бойынша біз тексеру жүргіземіз», - деді Елжан Біртанов.
Бұл ретте Е. Біртанов менингиттен адамдардың өлімі бойынша әрбір оқиғаға сараптама жүргізілетінін атап өтті.
«Егер де заңбұзушылықтар болса, құқық қорғау органдары да тиісті шараларды атқарады. Сонымен бірге Алматы қаласы прокуратурасы қолданыстағы стандарттардың орындалуына қатысты тексеруді бастады. Сондықтан да тергеу шаралары таяуда ғана басталғандықтан, нақты нәтижелерді қазір айта алмаймын», - деп түйді ведомство басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында 19 жастағы қыз менингоккок инфекциясынан көз жұмды. Ал оның алдында Алматыда 5 жасар баланың менингиттен өмірі қиылды. Бала аурудың бірден асқынатын түріне шалдыққан. Бұдан бұрын хабарланғандай, министр 2018 жылы Қазақстанда менингиттен 12 адам көз жұмғанын айтты.