12 ақп, 2018 сағат 16:44

Мейрамбек Бесбаев. Есенқұл Жақыпбекпен жүздесу

10 ақпан - айтыс пен жазба поэзияны құстың қос қанатындай қатыр алып, алаш жұртын жырға бөлеген ақын Есенқұл Жақыпбек туған күні. «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» деп жырлаған ақтаңгер ақын 2013 жылы дүниеден өткен болатын. Әйткенмен, Есенқұл ақынның өлең-жыры қазақ елінің аспанында әлі күн халықтап тұр. Кеше ғана Есағаңның өнердегі інісі Мейрамбек Беспаев Instagram-дағы жеке парақшасында естелік жазбасын жариялады.

Өмірі өтті...

...Мен Есағамды бала кезден бiлушi едім. Шорабек, Әзімбек ағалармен айтысып жүрген кездерінде, мен домбырамды арқалап барып ән салып, сол кездегі айтыстың уытты әзілдерін жаттап алатынмын. Уақыт өте келе ағаммен жақын араласпасам да, жақсы көріп, құрметтеп, өлеңдерін оқып, әндерін тыңдап жүретінмін. Содан маған Есенқұл ағаммен жүздесудің сәті түсті.

Бізді таныстырған, табыстырған ағамның «Өмір өтті...» атты өлеңі еді. Бұл өлеңге ән жазылып, менің айтуым - бір Алланың қалауы деп білемін. Әйтпесе ол әнге таласқан біраз әншілер болды. Бірақ ол ән маған бұйырды. Осы өлеңге ән жазып, жасатып, көргеннен соң ішіндегі біраз жеріне Есағама түзету енгізіп беруін өтініп, хабарластым. Есенқұл ағам менің бұл ұсынысымды құп көріп, Алматыда кездесейік деді. Алматыда кездесіп, шәй үстінде отырып ол кісі «Ескі доспен кездескенде, Есім шығып, шын қуанып... Қайран өмір сонша сүйген, Кетесің-ау, бір күні ауып...» деген жолдарын шығарып берді.

Біраз уақыт өткеннен кейін Есағамның Алматы қаласында М.Әуезов атындағы драма театрында «Күпәйке киген поэзия» деген атпен шығармашылық кеші өтті. Сол кеште мен «Өмір өтті зырғып ағып» өлеңін айтып бердім. Бұл өлең сәтті шықты деп ойлаймын. Халық жақсы қабылдады. Есағам да мәз болып, бетімнен сүйіп, бауырына басып алғысын айтты. Сол кешке дайындалып жүргенде мен ағама айтыстарынан үзінді айтып, өлеңдерін оқып бергенімде Есағам қуанып: «Мейрамбек, сен тек әнші ғана емес, ақын екенсің. Сен менің біраз өлеңімді білгеніңе шын қуанып отырмын!», - деп біраз өткен-кеткен күндерден естеліктерін айтып, арқа-жарқа болып қайтқан едік.

Сол кешті өткізген соң мен Есағаммен уақыттың тығыздығына байланысты көп кездесе алмай жүрдім. Кейіннен 31 арнада «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында ағамыздың 60 жылдығына орай үлкен бағдарлама түсірілді. Студияға барып «Өмір өтті...» әнін орындап, Есағамыз туралы азды-көпті білетін оқиғаларды айтып бердім. Сол кезде де ағам мәз болып, құшақтап, маңдайымнан иіскеп әкелік алғысын айтып, батасын берді. Сол күн менің Есағаммен кездесетін соңғы күн екенін кім білген...

Мейрамбек Беспаев