Фото: Мейірман Шекеевтің Facebook парақшасынан
1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тек белгілі жағдайда салық бақылауына алынады. Егер үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан ақша аударылып, жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, тексеру жүргізіледі. Банктер бұл ақпаратты тек салықтық бақылау үшін береді, шоттарды бұғаттау қарастырылмаған. Хабарлама алған жағдайда ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелу ұсынылады. Қайырымдылық сияқты ерекше жағдайлар ескеріледі. Туыстар мен достарға ақша аудару бұрынғыдай еркін, шектеусіз. Қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту заңсыз, қайталанса – 147 680 теңге айыппұл салынады. Такси жүргізушілер сияқты жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген салық режимдері бар – қызмет түріне қарай 1–4% салық салынады. Мобильді аударым қабылдау тек «көлеңкеге» кетуді емес, салықтық бақылауға түсуге мүмкіндік береді. Осы орайда Ult.kz тілшісі заңгер Мейірман Шекеевке көпшілікті мазалаған негізгі сұрақтарды қойып көрді.
– Мейірман мырза, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде азаматтардың телефон арқылы жасалған ақша аударымдарына мемлекет бақылау жүргізіп жатыр деген пікірлер пайда болды. Бұл шындық па?
– Мұндай пікір шындыққа жанаспайды. Мемлекет азаматтардың банк операцияларын тікелей де, жаппай да бақылауға құқылы емес. Алайда Салық кодексі мен «Банктер және банк қызметі туралы» заң аясында белгіленген талаптар бар және бұл Конституцияға қайшы келмейді. Жаңа Салық кодексінде белгілі бір тәуекел топтарына қатысты қаржылық мониторинг жүргізу нормалары қарастырылған. Тексеру тек заңда көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асады, ал қажетті ақпаратты салық органдарына уәкілетті құрылымдар ұсынады.
– Жеке тұлғалардың бір-біріне жіберген ақшасы табысқа жата ма?
– Жоқ. Табыстың нақты анықтамасы бар. Адамдар арасындағы қарапайым ақша аударымдары, егер олар коммерциялық мақсатты көздемесе, табыс ретінде есептелмейді. Ал белгілі бір қызмет көрсеткені үшін немесе тауар сатудан түскен ақша табысқа жатады және заңға сәйкес салық салынуы мүмкін.
– Банк құпиясы бұзылмай ма, деректер қауіпсіз бе?
– Банк құпиясы толық көлемде қорғалады. Салық органдарына тек заңда көрсетілген ақпарат беріледі. Бұл ақпарат азаматтың шотындағы жалпы қалдықты немесе депозит көлемін қамтымайды, тек ақша аударымдарына қатысты болады. Басқа жағдайда банк құпиясына жататын деректер ешбір органға берілмейді.
– Қандай жағдайда азамат тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысты деп танылуы мүмкін?
– Мұнда үш негізгі критерий бар. Егер бір адамның шотына әртүрлі адамдардан жүйелі түрде және тұрақты аралықпен көп мөлшерде қаражат түссе, төлемдер коммерциялық сипатқа ие болса, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгілері болуы мүмкін. Бірақ бірден айыппұл салынбайды: алдымен азаматқа ескерту беріледі және заңды түрде тіркелу ұсынылады.
– Туыстық немесе тұрмыстық аударымдар кәсіпкерлікке жата ма?
– Жоқ. Отбасылық немесе тұрмыстық мақсаттағы аударымдар кәсіпкерлік қызметке жатпайды. Телефон арқылы жасалған қарапайым аударымдарды кәсіпкерлікке жатқызу мүмкін емес.
– Әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау заң алдында кәсіпкерлік қызмет пе?
– Жоқ. Қарапайым тұрмыстық немесе жеке мақсаттағы сатулар кәсіпкерлік қызмет деп саналмайды. Ал егер тұрақты түрде және жүйелі түрде коммерциялық табыс алу мақсатында жүргізілсе, ол кәсіпкерлік қызметке жатады және заң бойынша тіркелуі қажет.
– Қосымша құн салығы (ҚҚС) туралы айта аласыз ба?
– Кәсіпкер ретінде тіркелген және жылдық айналымы ҚҚС тіркеу шегінен асқан жағдайда ғана ҚҚС төлеуге міндетті болады. Шек жеке кәсіпкерлер мен ЖШС үшін әр түрлі. Мысалы, ҚҚС шегі 70 млн теңгеден 45 млн теңгеге төмендетілді. Барлық кәсіпкерлер автоматты түрде ҚҚС төлемейді – тек шегінен асқандар ғана.
– Азамат салық шешіміне келіспесе не істеуі керек?
– Алдымен салық органына шағым беруге болады. Егер шағым қанағаттандырылмаса, жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгінуге болады. Егер бастапқы мақсат табысқа бағытталмағанын дәлелдейтін құжаттар болса, бұл қиындық тудырмайды.
– Қорытындылай келе, азаматтар не білуі керек?
– Жеке адамдар арасындағы қарапайым аударымдар, әсіресе отбасы немесе таныстар арасында жасалғандары, салықтық немесе кәсіпкерлік бақылауға жатпайды. Телефон арқылы аударымдар автоматты түрде кәсіпкерлік қызметтің дәлелі емес. Заң шеңберінде әрекет етсеңіз, құқығыңызға қауіп жоқ. Дүрбелең тек заң дұрыс түсіндірілмеген жағдайда туындайды.
– Салық төлеудің маңыздылығы неде?
– Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, азаматтар табысынан 40–50% салық төлесе де, сапалы медицина мен қызметтерге қол жеткізеді, зейнетақы қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Бізде салық төлеуге қарамастан, жемқорлық салдарынан мемлекет толық дамымай отыр. Сондықтан әрбір азамат мемлекет дамуына үлес қосуы керек.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен:
Ақбота Мұсабекқызы
