05 мау, 2018 сағат 11:43

Менингококке қарсы вакцинаны кімдер қымбаттатқаны белгілі болды

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин менингококке қарсы вакцинаның өзіндік құнын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл коммерциялық вакцина және ол үлкен және кіші қажылыққа баратындарға арналған еді. 4600 доза әкелініп, 22 500 теңгеден сатылған. Алайда, қажылық тамыз айында өтетін болғандықтан бұл вакцина нарыққа шығарылды», - деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтен кейін агенттік тілшісінің сауалына орай.

Оның айтуынша, қазір тағы да вакцина жеткізіліп, олар денсаулық сақтау басқармалары арқылы қалалық емханаларға жеткізілетін болады.

«Оларда екпе жасайтын кабинеттер болғандықтан шығындарды қысқартуға мүмкіндік бар. Яғни, шприц пен мақта шығыны қосылып, үстеме бағасы азаяды. Бірінші партияны жеке ұйымдар сатып алғаннан және олар тапшылықты пайдаланып бағаны өздері қойып отыр. Ал вакцинаның өзіндік құны 17500 теңгені құрайды», - деді Бас санитар дәрігер.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне менингококке қарсы вакцина бағасын төмендетуді тапсырған болатын.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясымен 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. Дерттен 13 адам көз жұмды, соның ішінде бесеуі 14 жасқа дейінгі жеткіншектер екендігін белгілі.