Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл. Осы атаулы датаға орай ақынның туған жері – Батыс Қазақстан облысында кешенді шаралар басталып та кетті.
Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданы аумағына кіре берісте «Жұбан елі» деген жазу көзге бірден түседі. Иә, ақжайықтықтар өздерін «Жұбан еліненбіз» деп атап, мақтаныш етеді. Оның себебі – ақын сан жырлаған, жыл сайын келіп аралайтын туған жері – Жыланды, Сайқұдық, Тайпақ өңірі дәл осы аудан аумағында жатыр.
Жұбан ақын көзі тірісінде туған жеріне жиі келіп, шаруашылықтарды аралап, халықпен кездесіп жүретін. 1980 жылы сайқұдықтықтар асарлатып кітапхана салған кезде Жұбан Молдағалиев өз қаржысына 500 кітап сыйға тартқан екен. Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты ретінде туған жерінің – Тайпақ өңірінің талай түйіткілді мәселелерін депутаттық сауал салып жүріп шешкенін аға буын әлі ұмытпайды.
Жұбанды жерлестері де ерекше сүйеді. 1990 жылы, ақынның 70 жылдығы тұсында ауылдастары қаражат жинап, округ орталығы Қурайлысай ауылында еңселі ескерткіш орнатты. «Жұбанға ескерткіш орнатамыз дегенде бүкіл ауыл қолдады. Қариялар зейнетақыларын берді. Сөйтіп мүсінге қажетті 40 мың кеңес сомы (рубль) тез жиналды», дейді сол кездегі аға шопан, мақтаулы малшы болған Наурызбай Әбілқайыров ақсақал. Наурызбай аға сол жолы бастамаға бір өзі 1 мың сом қосқан екен.
Туған жерден ТҮРКСОЙ-ға дейін
Міне, содан бері ақынның 5-10 жыл сайын келетін мерейтойлары оның туған жерінде жүйелі өтіп келеді. Әдеттегідей биылғы той да ерекше басталды.
Алдымен Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық кітапханасы және Ақжайық аудандық кітапханасы арасында онлайн видеоконференция ұйымдастырылды. Бейнежиынға Алматы қаласынан қосылған Мыңбай Рәш, Ақұштап Бақтыгереева, Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Нұрдәулет Ақыш сынды қаламгерлер Жұбан ақын жайлы естеліктерін ортаға салды. Атырау қаласынан сазгер әрі қаламгер Ілия Жақанов мәтінін Молдағалиев жазған әйгілі «Еділ-Жайық» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берді. Ал ақынның жерлестері мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, ақын Айтқали Нәріков Жұбан ақынның туған жеріне, Ақжайық өңіріне келген кезіндегі оқиғаларды ортаға салса, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева ақынның туған жерінде биыл атқарылатын мерейтойлық шаралар туралы айтты.
– Бүгін Ақжайық ауданының орталығынан шыққан бір топ қаламгер, зиялы қауым өкілдері Жұбан Молдағалиевтің кіндік қаны тамған жері – Қурайлысай, Сайқұдық ауылдарына аттанды. Осылайша ақын тойына старт берілді. Жыл соңына қарай аудан орталығында Жұбан Молдағалиев атындағы әдебиет және өнер орталығы ашылмақ, ол жерде ақын мұражайы, кітапхана және көпшілік шаралар өткізетін арнайы зал болмақ, – дейді Үзілдік Елеубайқызы.
«Жұбан ақынның жүзжылдық мерейтойы аталып өтетін жылдың басында ұйымдастырылған онлайн конференцияға Қазақстанның әр аймағындағы кітапханалардың қатысуы – қаламгер тойының жалпыхалықтық сипатын көрсетеді», дейді ақынның көзін көрген әріптестері.
Айта кететін жайт, Жұбан тойына халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы да атсалысатыны белгілі болды.
«Республикалық деңгейде тойлануы жоспарланған мерейтойдың ақынның туған өңірі Ақжайық ауданынан бастау алуы да заңды әрі абыройлы іс деп білемін. Ақтаңгер ақын, әрі тамаша аудармашы Жұбан Молдағалиевтің мерейтойы хақындағы ақпараттар Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 2020 жылғы «Түркі мәдениетінің күнтізбесіне» енгізіліп, ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет саласы министрліктеріне таратылды. Жұбан ақынның мерейтойын түрік елінде де лайықты деңгейде атап өту туралы шешім қабылданып, ТҮРКСОЙ іс-шаралар жоспарына алынды. Сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі ақын мерейтойына қатысты іс-шараларға да өз үлесімізді қосуға және бұл бағыттағы кез келген ұсынысты қабылдауға дайын екенімізді білдіремін», делінген ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке жолдаған жеделхатында.
Жұбан тойының ғибраты
Ақынның тойы төменнен бастау, жоғарыдан қолдау болмаса, өз дәрежесінде өтпес те еді. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті ерекше бөліп айтуға болады. Өңір басшысы ретінде алғашқы іссапарын дәл осы Ақжайық ауданынан бастаған Ғали Нәжімеденұлы сол күннен бастап Жұбанның жүзжылдық тойын ғибраты мол, елге пайдалы етіп өткізуге тапсырма берген.
БҚО әкімі Ғали Есқалиев Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойының ғибраты қандай деген тақырыпта бізбен де ой бөліскен еді:
- Ақын Жұбан Молдағалиев жалпы қазаққа ортақ болғанымен, әрине, ақын аруағының алдында біздің, жерлестерінің иығындағы парыз да, қарыз да көбірек. Өз заманының заңғар тұлғасын жақынырақ түсіну үшін, жанын тереңірек ұғу үшін мен оның сөйлеген сөздерін қайталап оқып, санамнан тағы бір өткіздім. Әсіресе ақынның 1986 жылғы 31 желтоқсанда Жазушылар Одағына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин келгенде айтқан әйгілі сөзін қайта-қайта оқып шықтым. Сонда түсінгенім – ақын сол бір жүрекжарды сөзін Колбинге немесе сол залда отырған әріптестеріне ғана емес, болашақ ұрпаққа бағыштап айтқандай екен. Мұны біз арада 33 жылдан артық уақыт өткенде анық байқағандаймыз.
Ақынды толғандырған не еді?! Жұбан аға сол мінберде тұрып не айтқысы келді? Арада 33 жыл өткенде не өзгерді? Ақынның ескертулерінің қайсысы орындалды? Қайсысы әлі де өзекті? Міне, ақын тойын атап өткелі отырған осы кезеңде біз ең алдымен ақын аманатын сараптап, қаламгерді толғандырған мәселелерді екшеп алғанымыз дұрыс екен.
Жұбан ағамыз сол сөзінде қазақ халқының алдындағы бірнеше мәселені төтесінен қояды: олардың ең бастысы – әлеуметтік әділетсіздік, тың игерудің ұранымен Қазақстанға неше түрлі адамдардың, соның ішінде «қылмыскерлер ме алаяқтардың» келгені, олардың «байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны», «көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуін», «ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір» екендігін, кейбір облыс басшылары «қазақтар бәрібір атажұртынан ешқайда кетпейді, сондықтан ең алдымен жағдайды келімсектерге жасау керек» деген ұстанымда болғанын алғаш рет билік алдында ашық айтты. «Республиканың жоғары оқу орындарында қазақ жастары орыс студенттерінен көп екен деген» кінәлауға: «Олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда болмақ?!» деген риторикалық сұрақпен жауап берген. Міне, арада өткен отыз үш жылдың биігінен қарасақ, ақын жанын мазалаған көп мәселеге қол жеткенін көреміз.
Бұл әрине, Тәуелсіздіктің арқасы! Қазір Қазақстанда демографиялық ахуал мүлдем өзгерді. Қай саланы алсақ та байырғы ұлт санының басымдығы айқын. Мемлекет тарапынан соңғы кездері қолға алынған бастамалар, көп балалы отбасыларын қолдау бағдарламалары бұл ахуалды одан әрі бекіте түсері анық. Алысқа бармай-ақ Орал қаласындағы жағдайды алсақ: Кеңес өкіметі жылдарында облыс орталығында қазақ тілінде сабақ беретін екі-ақ мектеп болатын. Онда негізінен шалғай ауылдардан келген малшы-шопан балалары оқитын. Ал бүгінде Орал қаласында жалпы саны 50 мыңға жуық оқушы оқитын 51 мектеп жұмыс істейді. Олардың 24-і – толықтай мемлекеттік тілде білім беретін, ал 13-і – аралас мектеп.
«Жоғары оқу орындарында қазақтар көбейіп кетті» деген айыптаудың барып тұрған абсурд екенін бүгінгі күн тұрғысынан анық көреміз. Қазір Қазақстан жастарына білім алуда еш кедергі жоқ. Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының арқасында әлемнің кез келген жеріндегі элиталық университеттерінде білім алып жүрген қазақ жастары мыңдап саналады.
Жұбан ағамыз өз сөзінде Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтау мәселесін көтерген еді. Тәуелсіз Қазақстанда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, бұл мәселе де шешімін тапты. Қазір кез келген аз ұлт өкілі ҚХА жанынан өзінің орталығын құрып, мәдениеті мен тілін үйретіп, насихаттай алады.
Жұбан Молдағалиевтің әр сөзінен салмақты тұжырым, сөз бен істің бірлігін байқауға болады. «Әңгіме риясыз, мейілінше ашық, жүрекжарды болуы керек. Адам бірнәрседен қателесіп кетем, біреуге жақпай қалам деп қорықпауы тиіс. Алайда бізде көбінесе үндемей қалған немесе көлгірсіген, ыққа жығылғыш, істен гөрі ұрандағыш адамдар алға шығып кетіп жатады» дегені бүгінгі күннің де сипатын дәл беретіндей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойларды атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін ескертіп, даңғаза ұрандарды, тиімсіз шараларды азайтып, нақты іспен айналысу қажеттігін тапсырған болатын, дейді өңір басшысы.
Елдің ерге құрметі
Ақын Қайрат Жұмағалиев Жұбан Молдағалиевтің өз өмірінде кемінде үш мәрте ерлік жасағанын айтатын. Мұның біріншісі – 1941-1945 жылғы қанды қырғында қарумен де, қаламмен де соғысып, аман келуі болса, екінші ерлігі 1964 жылы кеңестік идеология күшіне мініп, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жаңа кеңес халқын қалыптастыру саясаты дәурендеп тұрған кезінде ұлттық идентификацияны оятып, «Мен – қазақпын» деп саңқ ете қалған поэмасы. Ал үшінші ерлігі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Колбинге қасқайып тұрып өз халқының намысын қорғап айтқан сөзі еді. Ақынның көзін көрген, әріптес болған бір топ ақсақалдың Жұбан Молдағалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсынысы да осыдан шықса керек.
Жоғарыда айттық, «Елім» деген Ерге елдің де құрметі ерекше. Биыл жүзжылдық мерейтой аясында Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін ірілі-ұсақты 817 шара өткізу жоспарланған екен.
– Күзге таман аудан орталығында Жұбан орталығының ашылуы болады. Бұл орталықтың іргетасын құю рәсіміне ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыз қатысып, батасын беріп кеткен еді. Мұнда ақынға арналған музей, ақынның кітапханасы орналасады. Және аудан орталығындағы барлық мәдени-рухани шара өтетін арнайы залы болмақ, – дейді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.
Мерейтойға байланысты шаралардың бір парасын Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қолға алған. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған әдістемелік-библиографиялық құрал жасақталса, AQJAYIQ телеарнасы «Мен қазақпын!» атты тележобаның тұсауын кесіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм даярламақ. Одан бөлек кіріспесі үш тілде дайындалатын «Жұбан энциклопедиясы» жарық көреді. Ақын тойында есте қалатын шаралардың бірі – Орал қаласында қаламгердің кеудемүсіні тұрған жерге енді ақынның тұтас бейнесі сомдалған үлкен ескерткіш орнатылады.
– Орал қаласында Жұбанның есімімен байланысты ғимараттарға ескерткіш тақта ілеміз. Жұбан ақынның жазған өлеңдеріне жазылған патриоттық әндер байқауы, жазба ақындар мүшәйрасы, ақындар айтысы жоспарланған. Бұл шаралар «Жұбанның жыры – ғасырлар үні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланатын болады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Дүйсентегі.
«Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» деп өткен Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойы басталды. Енді оның елге, әсіресе жас ұрпаққа берер ғибраты молынан болғай.
Қазыбек Құттымұратұлы,
"Егемен Қазақстан" газеті