Фото: freepik
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда мемлекеттік сатып алу саласында 67 млрд теңгеден астам сомадағы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді (2022 жылы - 29 млрд теңге, 2023 жылдың 10 айында - 38,4 млрд теңге), - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Антикор «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы бағаны көтеру тұрғысынан сатып алу мониторингін жүзеге асырады. Бұл шаралар - мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі бағыттардың бірі.
Тәжірибеге сәйкес, кеңсе тауарларын, ЖЖМ, компьютерлік техника мен тамақ өнімдерін сатып алу кезінде асыра сілтеу анықталды. Көп жағдайда заңбұзушылықтарға әкім аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жол берді», - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу процесіне 18 мыңнан астам тапсырыс беруші және 80 мыңға жуық өнім беруші тартылған. Ең көп таралған қылмыстық схемалар - нақты жеткізушілердің мүдделерін қолдау, техникалық сипаттаманы қалыптастыру, сондай-ақ жалған актілерге қол қою.
«Мысалы, Жетісу облысының Спорт басқармасы нақты құны 4,5 млн теңге болатын бір ұлттық киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған.
Сонымен қатар Жетісу облысының «Сарқан ауданы әкімінің аудандық мәдениет үйі» МКҚК нақты орташа нарықтық құны 250-300 мың теңге болатын бір кондиционерді 1,5 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Агенттіктің уақтылы ден қоюы нәтижелесінде аталған қаражат қайта қаралды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Антикор 14,8 млн теңге сомасына бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеген.
«Мәселен, Қостанай облысының аудандық білім бөлімі литріне 580 теңгеден 43 мың литр жазғы дизель отынын сатып алуды жоспарлаған, ал сол кездегі орташа баға литріне 250 теңгеден кем болған.
Бұл дизель отыны облыс аудандарындағы мектептер мен балабақшалардың қажеттіліктеріне арналған.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласы әкімдігінің қалалық ауруханасының 16 портативті медициналық шамды бірлігіне 3,3 млн теңгеден сатып алуын тоқтатты. Оның орташа нарықтық құны 600 мың теңгеден аспайды. Осылайша, 44 млн теңге сомасына қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді», - делінген агенттік ұсынған мәліметте.
Ведомство мәліметінше, өткен жылы бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі 26%-ды құрады, бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы 4,6%-ды құрады. Бюджет қаражатының мұндай жоғары айналымы Мемлекеттік сатып алу жүйесінің жемқорлыққа бейімділігіне назар аудартады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар ұсынды.
Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту бойынша бірқатар ұсыныс енгізілді.
Мысалы, мүдделер қақтығысы ұғымын және оны реттеуді енгізу, жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу және бір көзден сатып алу үшін негіздерді қысқарту ұсынылды», - делінген хабарламада.