Фото: © Sputnik / Павел Лисицын
Мемлекетке бірегей никель мен кобальт кен орны қайтарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Антикор мәліметінше, Мемлекет басшысының заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау барысында, бұрынғы вице-министр Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны қайтарылған.
"Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.
27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Т. Тоқтабаевқа қатысты үкімі жарияланды.
Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасынан айырылды. Одан бөлек қымбат мүліктері де тәркіленген. Олар:
1. Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;
2. Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;
3. 2021 жылы шыққан «Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC» маркалы авто;
4. 2021 жылы шыққан «Bentley Bentayga V8» маркалы авто.
5. Он үш коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.