Сурет: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
"Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай", - деді президент.
Жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр, деп атап өтті ол.
"Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқитынын айтты.
Президент Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасқанын атап өтті. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады, дейді ол.
"Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бары. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз.
Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін", - деді мемлекет басшысы.