06 там, 2025 сағат 16:11

Мемлекет МӘМС жүйесіне төлейтін жарна көлемін арттырады

Фото: Pexels.com

2027 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне мемлекет тарапынан түсетін жарна көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Біз 2015 жылы қабылданған “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” заңның бастапқы қаржылық моделіне ішінара қайта ораламыз. Ол кезде мемлекет төлейтін жарна көлемі 7% деп белгіленген болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 2% деңгейінде», – деді Шоманова.


Маманның айтуынша, жарна үлесінің артуы жұмысшылар мен жұмыс берушілерге түсетін жүктемені көбейтпей-ақ, медициналық көмектің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа қаржыландыру жоспарына сәйкес, мемлекет жарнасы 2025 жылы да 2% деңгейінде қала береді. Ал 2027 жылдан бастап біртіндеп өсіп, 2037 жылы 4,7%-ға жетуі тиіс. Бұл өзгерістердің нәтижесінде МӘМС жүйесіне қосымша 2,8 триллион теңге тартылады деп күтілуде.

Осы қосымша қаржы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамытуға айтарлықтай серпін береді.