Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жасанды интеллект (ЖИ) саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырды. Президенттің айтуынша, оқу орнына арнайы мәртебе беріліп, әлемдік үздік университеттер серіктес ретінде тартылуы тиіс, деп хабарлайды Ult.kz.
«Жаңа университеттің басты мақсаты – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Бұл оқу орны ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығына айналуы керек», – деді Қ.Тоқаев.
Президент ЖИ-ды білім беру жүйесіне кеңінен енгізудің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дербес оқыту үлгісі әр оқушының қабілетіне сай жеке бағдарлама жасауға мүмкіндік береді. Бұл жастардың әлеуетін ашып, оқуға ынтасын арттырады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы оқушылардың ұлттық цифрлық профилін қалыптастыруды тапсырды. Онда әр баланың үлгерімі, жетістіктері мен қабілеттері тіркеліп, болашақ мамандығын таңдауға жол ашылады.
Президент мұғалімдердің күнделікті жүктемесін азайтып, ЖИ-дың тест әзірлеу, жауаптарды тексеру, жеке тапсырмалар дайындау секілді функцияларын пайдалану қажет екенін айтты. Дегенмен, «мұғалімнің жанашырлығын ешбір технология алмастыра алмайды», деп атап өтті.
Қ.Тоқаев ЖИ-ды енгізу қала мен ауыл, орталық пен аймақ арасындағы білім теңсіздігін қысқартуға мүмкіндік беретінін, сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға жол ашатынын айтты.
«Біздің мақсатымыз – инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Жасанды интеллект ел мүддесіне қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға тиіс», – деді Президент.
Оның тапсырмасына сәйкес, Үкімет ұлттық білім беру платформасын әзірлеп, мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы контент ұсынуға тиіс.
