31 мам, 2017 сағат 11:03

Мемлекет Басшысы «Нұрлы жол» вокзалын ашты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Нұрлы жол» жаңа вокзалын аралап, кешеннің мүмкіндіктерімен танысты, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Вокзал кешені алты деңгейлі, жалпы аумағы 126 мың шаршы метрлік ғимарат. Вокзалда алты жолдың торабы кіріп отыр. Ол тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған.

«Вокзал ресми түрде бүгін ашылғанымен, іс жүзінде ертең, 1 маусым күні алғашқы жолаушылар жолға шығады. Пойыз маршруттары мен уақыты бекітілді. Жолаушылар билет сатып аларда ақпараттандырылды», - деп xабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ вокзал шаруашылығын дамыту және пайдалану департаментінің директоры Жұбан Көрпебаев тілшілерге берген сұxбатында.