25 жел, 2024 сағат 17:09

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты


Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді, – делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.

Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.

Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.

ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.