17 ақп, 2026 сағат 15:48

Мектептегі жалған хабар неге қоғам қауіпсіздігіне қатер?


Сурет Midjourney нейрожелісінің көмегімен жасалған


Алматыда үш оқушы сабақтан «құтылудың» жолын таптым деп ойлаған. Олар мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратады. Нәтижесінде дабыл қағылып, арнайы қызметтер жұмылдырылады. Тексеру барысында қауіп жоқ екені анықталды, бірақ оқиға ойын емес  қылмыс ретінде тіркелді. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес орталығы хабарлады.  


Қарапайым тентектік сияқты көрінетін әрекет шын мәнінде мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылық. Өйткені әрбір жалған хабар полиция, құтқарушы, медицина қызметкерлерінің уақытын, бюджет қаржысын және қоғам сенімін босқа жұмылдыру. Осы орайда Ult.kz тілшісі жасөспірімдердің әрекетіне кім жауапты екенін анықтап көрді. 


Балалар арасындағы «қауіп мәдениеті»


Тексеру мәліметіне қарағанда, жасөспірімдер хабарламаны саналы түрде таратқан. Яғни олар салдарын түсінбесе де, әрекеттің әдейі жасалғаны анықталған. Соның нәтижесінде олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Мұндай оқиғалар соңғы жылдары жиілеп келеді. Сарапшылар мұны «қауіптің цифрлық жеңілдеуі» деп сипаттайды:
жалған ақпарат тарату бұрынғыдай көп күшті қажет етпейді, бір хабарлама жеткілікті. Бірақ оның салдары бұрынғыдан әлдеқайда ауыр.


Заң бойынша «мектепте мина бар», «жарылыс болады» деген хабар әзіл емес, төтенше жағдай туралы жалған ақпарат тарату. Мұндай әрекет міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі.


Балалар енді тек құрбан емес, құқық бұзушы да


Балаларға қатысты қылмыстар әлі де өзекті. Бұл туралы Динара Закиева телеарнадағы сұхбатында күн сайын орта есеппен 5 балаға қатысты қылмыс тіркелетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ең қауіпті үрдіс қылмыстың көбінің баланың жақын ортасында жасалуы.


Қылмыстардың 60– 70 пайызы ата-ана немесе бірге тұратын адамдар тарапынан болады. Оқиғалардың басым бөлігі үй ішінде өтеді.


Дегенмен жаңа бір құбылыс байқалды, соңғы жылы балалар арасындағы құқық бұзушылық 30 пайызға өскен. Соның ішінде: 


70% – қаржылық даулар
20% –  жеке тұлғаға қарсы әрекеттер



Яғни бала тек қорғалатын тұлға ғана емес, кей жағдайда құқық бұзушыға да айналып отыр.


Жауапкершілік кімге жүктеледі?


Мұндай жағдайда заң ең алдымен ата-анаға қарайды. 2026 жылғы қолданыстағы нормалар бойынша:


Әкімшілік жауапкершілік
Ата-ана ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша айыппұл төлейді, баланың тәрбиесіне бақылау жасамағаны үшін.
Материалдық шығын
Егер жалған хабар салдарынан полиция, өрт сөндіру, жедел жәрдем жұмылдырылса, барлық шығынды ата-ана өтейді.
Профилактикалық бақылау
Кәмелетке толмағандар инспекторы мен мектеп арнайы бақылауға алады.
Қылмыстық жауапкершілік (16 жастан бастап)
Ауыр зардап болса, бала өзі қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.



Мәселе тәртіпте емес, түсінікте


Қоғамда «жас қой», «әзілдеді» деген түсінік бар. Бірақ қауіпсіздік жүйесі үшін мұндай хабар — нақты қауіп. Арнайы қызмет нақты жарылыс па, әлде қалжың ба деп тексермейді. Олар әр жолы толық күшпен әрекет етеді. Сарапшылар мұны жаңа әлеуметтік дағдарыс белгісі дейді. Балалар қауіптің шынайы бағасын сезінбей өсіп келеді. Цифрлық ортадағы «пранк мәдениеті» шынайы өмірге көшкенде, ол қылмысқа айналады.

Жалған лаңкестік хабар балалық тентектік емес, қоғамдық қауіпсіздікке соққы. Бір хабарлама:


жүздеген адамды эвакуациялайды;
қала қызметтерін тоқтатады;
мемлекет қаржысын жұмсатады;
ата-ананы жауапқа тартады;
баланың болашағына таңба қалдырады.



Сондықтан мәселе тек құқықта емес   тәрбиеде. Баланың интернеттегі әрекеті енді тек оның емес, отбасының және қоғамның жауапкершілігіне айналып отыр.