1992 жылы қазіргі Таусамалы, бұрынғы Каменка ауылында тұңғыш қазақ мектебі есік ашты. Бұл игі іске ұлтын сүйген біраз патриот азаматтар бір кісідей атсалысты.
1993 жылы 1 қыркүйекте, алғашқы қоңырауда мектепке балалар әдебиетінің классигі, әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілгені туралы шешім оқылды. Оған мектептің ашылу салтанатына қатысқан сол кездегі ауыл кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастанбекұлы Кәркенов (қазір аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы), мектеп директоры Ұлтай Амангелдіқызы Бархинова (қазір Қарасай ауданында әкімшілік қызметте) және басқа да құзырлы орындардан келген адамдар, сонымен бірге, бүкіл ата-аналар мен ұстаздар, барлық ауыл тұрғындары куә.
Осы мектепте Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 80 жыл толуын үлкен салтанатпен өткізгенбіз. Оған Бердібектің көзін көрген белгілі ақын-жазушылар Қадыр Мырза-Әлі, Әшірбек Сығай, Кәдірбек Сегізбаев, Баққожа Мұқай, Шекербек Садыханов, Темірхан Тебегенов, Асқанбай Ерғожаев секілді қаламгерлер және Бердібек Соқпақбаевтың жары, қызы, басқа да туған- туысқандары, Райымбек ауданынан арнайы делегация келіп қатысқан еді.
Жылдар жылжып өткенде Алматы қаласында жаңа аудан шаңырақ көтергеніне орай барлық мектепті қайта тіркеу жүргізіледі. Сол кезде мектепке классик жазушының есімі берілгені жөніндегі құжат «жоқ» болып шығады. Мектеп алдымен Қаскелең ауданына, содан соң Қарасай ауданына, одан кейін Әуезов ауданына, кейін Наурызбай ауданына ауысты. Осы ауысулар кезінде құжат бір қалтарыста қалған ғой. Ақиқатына келгенде жауапкершілікпен іздеген жан болмаған. Көп ұзамай «мектепке Бердібек Соқпақбаевтың аты берілгені жөніндегі шешім жоқ екен» деген желеумен қасиетті есім аяқастынан алынып тасталған да, «№188 орта мектеп» деліне салған. «Б.Соқпақбаевтың аты берілгені жөніндегі шешім жоқ екен» деген сөз жалған – 1993 жылы Алматы облысы әкімдігінің 15 қыркүйекте шығарған №135 шешімі әлі өз күшін жойған жоқ.
Қазір бұл мектеп жаңа құрылған Наурызбай ауданының еншісінде. Мектепте алғаш екі жүздей ғана оқушы табалдырық аттаса, қазір мыңнан астам бала оқиды.
1993 жылдан бастап Наурызбай ауданы құрылғанға дейін Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектепті бітіргені жөнінде қаншама түлек аттестат алды. Осы жылдар ішінде «Бердібек Соқпақбаев атындағы қазақ орта мектебі» деп мөр басылған қаншама құжат толтырылды. Соның бәрі заңсыз, Бердібек Соқпақбаевтың есімінің берілуі де дұрыс емес болып шыға ма, сонда?
Қазақтың атын әлемге танытқан классик жазушының есімін ұрпақ жадынан өшіріп алмай, қайта оның өмірі мен шығармаларын насихаттау арқылы жас буын санасына отаншылдық рухты сіңіруге мұрындық болып келе жатқан мектепке Бердібек Соқпақбаев есімін қайтаруымыз керек. Бұл менің ғана сөзім емес, бұл мектеп ұстаздарының да, ата-аналарының да, түлектерінің де, қазіргі шәкірттерінің де тілегі.
Р.S. Тіпті қиналатын ештеңе жоқ. Бұрынғы аты «Бердібек Соқпақбаев атындағы қазақ орта мектебі» еді. Қазіргісі «№188 қазақ орта мектебі» болып тұр. Осы екеуін біріктіріп «Бердібек Соқпақбаев атындағы №188 қазақ орта мектебі» деп атасақ болды емес пе!
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері
"Егемен Қазақстан" газеті