Филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлымен өзі қалам тартқан көрнекті тұлғалар жайында пікір алмасып, әңгіме қаузаған едік. Олардың ұлт мүддесіне сіңірген еңбектері, шығармашылықтары және зерттеп-зерделеу жұмыстары туралы ғалым ойларын өз сөзімен бергенді жөн көрдік.
Түркі тілін тірілткен тұлғалар
Жүсіп Баласағұн мен Қожа Ахмет Ясауи туралы сөйлеу бір жағынан оңай, жаттанды сөздерді тізбектей айта беруге болады. Екінші жағынан қиын. Біздің зерттеушілер бір өзекті нәрсеге кіре алмай жүр. Олар «Құтты білік» туралы айтқанда, мемлекет, саясат, шаруашылық, мәмілегерлік өнер, ақындық, шешендік және басқалар туралы сөз етеді. Бірақ кітапта ең өзекті рухани мәселе жатқанын сезбейді. Бұл қабаттың астарын тереңінен ашпай, шығарманың идеялық мазмұнын ғылыми тұрғыдан таратып бере алмаймыз.
«Құтты білікті» зерттегенде нағыз зерделейтін мәселеміз – «жәуанмәрттік» ілімінің негіздерін ашып, талдау. Сонда ғана қалғанын толық тани аламыз. Біз кітаптың рухани өзегін таппай, сыртын айналып әуреленудеміз. Мен бұл рухани өзекке Абайдың құдіреті арқылы түстім. Абайды зерттей жүріп, жаңа танымға қадам бастым.
Ал Қожа Ахмет Ясауиді халық неге көкке көтеріп, әулие тұтады? Өйткені, Ясауи дін мен қазақтың ұлттық дәстүрін үйлестіре білді. Екіншіден, поэзияны «Құтты біліктен» кейін түркі тілінде сөйлетті. Ғылым мен поэзияда үстемдік еткен араб, парсы тілдерінен бірінші рет бас тартқан «Құтты біліктің» авторы болса, екіншісі – Ясауи. Түркі тілі өте сақ, киік сияқты ұстатпайтын, соны ырыққа көндіріп, кітап жазу – үлкен құбылыс. Түркі тілінде поэзияны үшінші жазған тұлға – Әлішер Науаи. Осылардың арқасында поэзияда, ғылымда түркі тілі қолданыла бастады.
Қазақтарды Ресей бодандыққа салғанда, бірден Түркістандағы кесенесіне тиісті. Генерал Черняев кесенені жермен-жексен еткісі келді, зеңбірекпен екі тұсын бұзып та үлгерген. Бірақ жарты әлем шулап, әрең алып қалды. Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері де дінмен аяусыз күресті. Молда атаулыны тұтас қамап, көбін жер аударды. Біразы атылып кетті. Халықтың бүкіл рухани санасын Ясауи ілімі ұстап келгенін қарсы күштер жақсы біледі.
«Толық адам ілімі» – бірегей рухани құбылыс
Халық әлі Абайды толық таныған жоқ. Кеңес билігі кезінде Абай шығармаларынан атеист, материалист деген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Халықтың санасын сол ұғым әлі де көлегейлеп тұр. Осыны біз біртіндеп, жаңа дүниетаным арқылы насихаттап, дұрыс жолға қоюымыз керек. Меніңше, Астанада Абайдың ғылыми-зерттеу институтын ашпай болмайды, өйткені ескі дүниетаным түбірімен терістелді. Дүниеге жаңа дүниетаным келді. Енді біздер атеизм-материализм деген жалған ұғымды ұмытып, Ұлы сана жолына бет бұрдық. Бағыт-бағдарымыз өзгерді. Абай мұрасын, ұлы сана танымы тұрғысынан біліп, насихаттауға көшеміз.
Абай неге өмір бойы зарлап өтті? Пенделік көзбен қарағанда, олай ететін жөні жоқ еді ғой. Ештеңеге мұқтаж болған емес, сонда неге зар иледі? Оны қынжылтқан халқының қасіреті, бодандық тағдыры. Он сегіз жыл би, болыс болған ол биліктің ішкі құпиясын, бізді сорлатқан саяси әдісін терең танып білген. Содан кейін патшаға телеграмма жіберіп: «Мынау сайлау елді бүлдіріп жатыр. Сіз генерал-губернаторларға бұйрық беріңіз, болыстарды тағайындап қойсын», деген ойын жеткізді. Патша олай істемейді, өйткені ол «сексеуіл әдісін» қолданып отыр. Бұл әдісті Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Сперанский ұсынған. Ол патшаға жазған қызмет хатында: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі екен, балталаса жарылмайды, шеге қақса кірмейді, бірақ сексеуілді сексеуілге ұрса быт-шыты шығады. Осы сексеуіл әдісін қазаққа қолданайық» депті. Міне, Ресей империясының бізге қолданған басты саясаты осыған негізделген. Әр болыста 12 ауыл болады, ол 12 ауыл әр түрлі рудан болуы шарт, содан кейін 4 ауылнай, 4 би сайланады, тағы да онбасы, елубасы лауазымдарын қосқанда, шамамен 270-тей қызмет орны болады. Қазақтарды соған таластырады. Аш иттерге майлы сүйекті лақтырып жібергенде бәрі бірден бас салады емес пе?! Дәл осы секілді қазақтар да қызмет үшін итше таласты, осыдан келіп қазақтың мінезі бұзылды. Мұны көріп, сезген Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны…
Ақ пейіл бауырмалдық қалып кетіп,
Желбуаз «сұрқия» боп қызынғаны.
Мас болып партияға қызып алған,
Даланың табиғатын бұзып алған,
Елдігіне, жеріне әм дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, деп қамыға жырлады. Мұндағы тұзақ дегені – миссионерлік саясат. Яғни шоқындырып, орыстандыру болды. Ал қақпан дегені – бізді қасіретке ұрындырған сексеуіл әдісі. Мінез-құлқымыз түзелер емес, Абай осыны көрді. Қалай еліме жәрдем етемін деп, халқына ем үшін толық адам ілімінің негізін сала бастады, бірақ аяқтай алмай кетті. Тек рухани өзегін жүйелеуге ғана үлгерді. Әуезов білсе де айта алмады, себебі бұл ілім тікелей дінмен байланысты болатын. Абайдың толық адам ілімінің формуласы үш сөзден ғана тұрады: бірі – ақыл, жай ақыл емес, нұрлы ақыл. Содан кейін, нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйеніп, әділетті алады. Үшіншісі – рахым. Осылардың негізінде кітап жазғанмын. Алайда, оның ұғымы күрделі, оқуға ауыр болып кетті, бірақ қолданыста жүр. Енді тілі жеңіл, ұғымы қарапайым кітап жазуды қолға алдым.
«Сендер қазаққа керексіңдер»
1961 жылы Мұхтар Әуезов Тәжікстаннан Ташкент қаласына келгенде, күтіп алып әңгімелескен едім. Мұны ұйымдастырған сол кездегі кафедра меңгерушіміз Әлманбет Төлеуов болатын. Кездесуде кандидаттық диссертация төңірегінде екі сағаттай пікірлестік. Мұқаң: «Қандай тақырып аласың?» деп сұрады. «Абай және Шығыс» тақырыбын алайын», дедім. «Жоқ! Жолың болмайды, балам», деді. Ертеңгісін тағы бас қостық. «Не болды, тақырыпты ойландың ба?» деді. «Ойландым, соны аламын», дедім. «Жетекшің қандай тақырып ұсынып еді?» «Абай әдеби мұрасының зерттелу жайы туралы, аса қиын тақырып екен», деп күмілжідім. «Дәл осы тақырыпты ал!», деді бұйыра. «Ой, аға! Талас болып кетеді ғой». «Кішігірімдерін сына да, ауқымды дүниелерді сынамай жаза бер. Соның өзі жетіп жатыр», деді. Ақыры, сол тақырыпқа Әуезов пен жетекшім Қажым Жұмалиев күштеп көндірді.
Аспирантураға Баукең – Бауыржан Момышұлы арқылы түскенмін. Кейін келе қызықтым да, әлгі тақырыпқа мүлде кіріп кеттім. Ал Шығысты бәрібір шығардым. «Абай және Шығыс» деген кітапты жазғаныма бүгінде өзім таң қаламын. Уақытында Жаратушының өзі жол көрсеткен сияқты.
Докторлық диссертациямда «Мұхтар Әуезов және Абай проблемалары» деген тақырыппен төрт мәселені зерттеу нысанасына алғанмын. Олар Абайдың өмірбаяны, әдеби ортасы, шығармаларының текстологиясы және Шығысқа қатысы Әуезов зерттеуінде деп аталады. Соңғысына Әуезовті әдейі қалқан етіп алдым. Соның өзінде алғашқы үшеуін академиктер қолдады да, Шығысты алып таста деп отырып алды. Мен көнбедім, сегіз жыл бойы қорғатпай қойды. «Шығысты алмаймын, ол болмаса қорғамай-ақ қояйын» деп табандылық таныттым. Кейін, қайта құру кезінде М.Әуезовтің қызы Ләйла, академиктер Зәки Ахметов және Серік Қирабаев үшеуі қолдап, солардың арқасында қорғадым-ау.
Қазіргі мектеп оқулықтарын қарасаң, Абайдың шығысы туралы бір сөз жоқ. Өйткені, 1949 жылы КОКП Орталық комитетінің космополитизм туралы арнайы қаулысы шықты. Онда Шығыс пен Батысқа бас игендерді талқандаймыз делінген, осының салдарынан қаншама адам қуғынға түсіп, құрбандыққа ұшырады. Әуезов те қудаланды, ғылым кандидаты Қоңыратбаевты Алматыдан қуып, қаңғытып жіберді. Жеті жылдық мектепте сабақ беріп жүрген жерінен кейін Қызылорда педагогикалық институтының директоры Әділ Ермеков шақырып, қызметке алады. Сонда жүріп докторлығын қорғады. Ол кезде мен оныншы сыныпта оқып жүрген бозбаламын, қандай қаулы шығып жатқанын қайдан білейін. Әуезовтің: «Балам, жолың болмайды», дегеніне сол құжат себеп болғанын кейін түсіндім.
Әуезовтің көп ойы ішінде кетті. «Біз кетеміз, сендер қалуларың керек, қазақтың өмірін, дәстүрін қазаққа жеткізетін бір адам қажет, сол сенің мойныңда», деген Байтұрсыновтың Мұхтарға айтқан сөзін маған Қайым ағай жеткізген еді. Әлімхан Ермеков пен Мұхаң: «Біз бірге кетеміз», деп көнбеген ғой. «Жоқ! Ақымақ болмаңдар, біз бас тіккенбіз, сендер қазаққа керексіңдер», деген Байтұрсынов. Сондықтан да Әуезовтің жолы қиын болды, ол Ленин сыйлығының лауреаты болғанда ғана еркін тыныстады. Оған дейін төрге отырғызып қойып, сынап жатқанын талай көрдік. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» деген пікірі үшін де қыспаққа алды.
Баһадүр Бауыржан. Ақтарылмаған архивтер
Халық баһадүрі Бауыржан Момышұлы туралы айтылмаған әңгіме әлі көп. Мен батырдың соңғы басылған отыз томдығына бұрынғы қысқартулардың барлығын қайта кіргіздім. Оны басу да оңай болмады. Серік Үмбетовке Жамбыл облысының әкімі болып отырған кезінде: «Баукеңнің жүз жылдығы жақындап келеді. Соған әрекет етуіміз керек. Мен жоба ұсынып отырмын. Сіз жиырма бес миллион теңге бөліңіз. Мен отыз том шығарамын», дедім. «Көке, оны қайдан табасыз? Біз оқитын бес-алты-ақ кітап қой», деді. «Ол архивте жатыр». «Шығара аласыз ба?» «Шығарамын». Көп ұзатпай мәселені мәслихаттың алдына қойды, депутаттар бекітіп берді. Содан кейін 25 миллион теңге ұйымдастыруға, 25 миллион теңге басуға алдым да, бәрін тастай қылып түгел орындап бердім. Мен енді Баукеңнің жүз томдығын жасап жатырмын. Қайдан табамын? Оның барлық архивін сөйлету керек. Мәскеуде батырдың академияда оқыған сегіз мың бет лекциясы жатыр. Өзге де архивтерін қоса есептегенде. Қазір құпия деп бермей отыр.
Екінші – 1942 жылы Баукеңнің даңқы қатты аспандады. Сол кезде Момышұлының үстінен «Дивизияда ұлтшыл» деген арыз жазылған. Соғыс жүріп жатыр. Мәскеуді уысында ұстап отырған Щербаков басқаратын саяси бюроның мүшелері тексерту жүргізген. Онысы шала болып, екінші тексеру жүргізеді. Қазақстан орталық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Әбдіхалықовқа бір айдың ішінде сарбаздардан бастап генералдарға дейін – барлығының Баукең туралы пікірін әкелу жүктеледі. Нәтижесінде баһадүр ақталып шығады. Оны көре алмаған адамдар осылай жасаған. Міне, бұл да төрт мың беттік құжат, Ресей архивінде сақтаулы. Сонда он екі мың бет болды ма?
Үшінші – Б.Момышұлының Кубаға жиырма күнге барған сапарында сөйлеген сөздерінен үлкен бір том шығады. Олар испан тілінде даярлап отыр. Арнайы өкілімізді жіберсек, беретіндерін айтқан. Бірақ құпия деп қайтарып жіберіпті.
Төртінші – қазір Баукең араласқан әскери адамдардың архивтерін қарап жатырмыз. Көп нәрсе табылуда. Ұзақ уақыт керек екен. Өзіміз үш-ақ адамбыз, жұмыс қауырт, алайда бітіреміз.
Бесінші – Баукеңнің үйінде екі шабадан өз қолымен сызған карта жатыр. Ол екі жүз жеті рет кірді ғой майданға. Әр кірген сайын карта жасайды екен. Қалай соғысады, қай тұстан соққы береді, қоршауға алу тәсілі – барлығы картаға түсіріледі. Біз оны оқи алмаймыз, бірақ бастырамыз. Бұл генералдарға, әскери оқу орындарына керек. Сонда Баукеңнің мұрасы жүзден асып кетеді. Біз тек игере алмай жатырмыз.
Жазып алған
Асхат РАЙҚҰЛ.