Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен
Бүгін Парламент Мәжілісі отырысында депутаттар заң жобасын талқытап жатқан, олар елде телеарналар мен әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздер қолданылатыны туралы айтып, шағымданып жатты. Сол кезде мәжілісмен Ринат Зайытов тыйым саламыз деп, ұлттық фольклорымыздан айырылып қалып жүрмейік деген пікір айтты. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
“Көркем шығарма деген болады. Қазір сіздер қызды-қыздымен ананы тоқтату керек, мынаны тоқтату керек деп... Келісемін боғауыз сөз айтуға болмайды, бірақ ертең "мен жасымда жігіттер, топтан астым, бір түнде сегіз қызды алып қаштым" деп ән айтқандарды соттап жүрмейміз бе? "Егер мені шын сүйсең асыл еркем, ертең кешке дайын тұр қашу оңай" деген халық әні бар екенін естеріңізге сала кетейін. Сондықтан, Қанат Жұмабайұлы бұндай заңды кім жасайды? Құзыреті бар адамдар ма? Танимыз ба біз оларды? Білеміз бе? Екінші, көркем шығармаларды қалай қорғайсыздар? Не болмаса, оның айырмасы бар ма осы заңның аясында? Ертең фольклорымыздан айырылып қалып жүрмейік Ақселеу марқұмның бейпіл сөздерін оқи алмай”, - деді Зайытов.
Ринат Зайытовтың сөзіне Мәжіліс спикері Ердан Қошанов: “Ондай әндерді айту үшін Иманжүсіп болу керек қой”, - деп мысқылдады. Себебі Ринат Зайытов келтірген “сегіз қызды алып қаштым” деген өлең жолдары ақын, сал-сері Иманжүсіп Құтпанұлының өлеңінен үзінді.
“Жазалаудан құдай сақтасын!”
Депутаттың сұрағына жауап берген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ең алдымен Конституция бойынша цензураға тыйым салынғанын еске салды.
“Екіншіден шығармашылық бостандық заңға қарама қайшылық болмаса, біз қолдаймыз, құптаймыз. Сараптама өткізетін құқық қорғау органдары емес, шығармашылық ішкі комиссиялар. Жаңа сіз айтқан алып қашу дегенді әрине қараймыз. Сюжет бар. Сюжетте мен сені алып қашып кетемін десе, қыз бала келісетін болса, өзінің сюжеті бар ғой. Әлбетте біз оны қараймыз. Ешқандай жазалау деген жоқ. Тек егерде заңға қарама қайшы болса, режиссерлық тобына түзету туралы мәселе айтамыз. Сюжетті бұрмалау емес, тек қана түзету туралы айтамыз. Тек біздің идеологияға қарсы шықпау, қолдау ретінде ғана. Оны жазалаудан құдай сақтасын! Соттау деген әңгіме жоқ”, - деді вице-министр.
