Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Аталған құжатқа 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылды.
Шарттың мақсаты - қазақ-өзбек қатынастарын өзара іс-қимыл мен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру, сондай-ақ екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдесу.
«Шарттың 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы жан-жақты ынтымақтастық, сенім, теңдік және ұлттық мүдделерді өзара ескеру, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, сондай-ақ өзара міндеттемелерді адал орындау негізінде ұзақ мерзімді одақтастық қатынастарды құрады және дамытады. Құжаттың негізінде Тараптар қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін растайды және басқа Тарапқа бағытталған қандай да бір іс-әрекеттерге қатысудан тартынады», - делінген Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметінде.
Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстан-Өзбекстан көпқырлы ынтымақтастығын бауырластық, одақтастық және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі нығайту мақсатында Тараптар мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңесті құрды, ол одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Тараптардың ортақ мүдделеріне байланысты барынша маңызды мәселелерді қарайды.
Тараптар құжат аясында екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайтуға, өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары және ең алдымен егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекет шекараларының мызғымастығын қамтамасыз ету және сақтау негізінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының басты рөлін нығайтуға жәрдемдеседі.
Шарт шеңберінде Тараптар өзара экономикалық кооперацияны тереңдету, сауда айналымын, инвестициялық қызметті, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті нығайту және ұлғайту, өзара байланысты көлік жүйесін дамыту, екі ел халықтарының рухани және мәдени жақындығын сақтау, ғылым, білім, медицина, спорт, мәдениет, туризм, ақпарат алмасу саласындағы өзара байланыстарды тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Осы құжат бойынша Тараптар экология және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергетика саласында, сондай-ақ өз аумағында екінші Тараптың заңды және жеке тұлғаларының меншік құқығы мен мүлкін қорғау мәселесінде тең құқықтылық пен өзара тиімді қатынастар негізінде ынтымақтастықты жалғастырады. Сонымен қатар, Шартта Тараптар трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде шаралар қабылдайтын ережелер көзделген.
Шарттың 23-бабына сәйкес Тараптар арасында туындайтын келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.