Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің еншілес "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясының топ-менеджерлерінің ұсталғанын хабарлады. Ұлттық бюро 17 қараша күні кешке компнаияның басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов, атқарушы директоры Ғазиза Сариева, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің жетекшісі Бауыржан Айтымбетов және және бұрынғы атқарушы директор Анарбайдың ұсталғанын айтады. Олар "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы қызметін сатып алуда құрылыс компаниясының мүддесін қорғағаны үшін пара алған деген күдікке ілініп отыр.
Ұсталған Асылан Жақыпов - Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі және бұрынғы мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың ұлы. Қабиболла Жақыпов мәжіліс спикері қызметін 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың наурызына дейін атқарған.
Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның сайтындағы ұсталу туралы хабарламаға қоса дыбысы жоқ қысқа екі видео ролик берілген. Бірінші видеода ер адамдар шойын ваннаның астынан пакетке салынған теңгедей және доллар банкноттарды алып шығады. Екінші видеода ақшаларды үстелге қояды.
Ұлттық бюроның ұйғарымынша, Бауыржан Айтымбетов құрылыс компаниясының өкілінен ақшаны алып, одан ары Асылан Жақыпов пен Ғазиза Сариеваға береді. Соңғы екеуі келісім шарттар мен орындалған жұмыстар туралы актіге және төлем жасауға қол қояды. 13 заңды тұлға қатысқан қитұрқылық әрекеттер Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалаларындағы құрылыстарда болған. Бюро ақпаратына қарағанда, Жақыпов пен Сариев және Айтымбетов 17 қарашада "28 миллион теңге көлеміндегі кезекті параны алғаны үшін" ұсталған. Тергеушілер бұл қаржы жеке құрылыс компаниясына Павлодарда тұрғын үй салу келісімін жасаған кезде қамқорлық танытқаны үшін берілген дейді.
Коррупцияға қарсы қызмет сонымен қатар бірнеше рет пара берді деген күдікпен тағы төрт адам - жекеменшік құрылыс компанияларының төрт жетекшілері мен құрылтайшыларының ұсталғанын айтады.