03 ақп, 2021 сағат 13:12

Мәжіліс депутаты әр отбасыға 20 сотық жер беруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлу бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Халық партиясының бағдарламасына әрбір қазақстандық отбасыға үй салу және шаруашылық жүргізу үшін 20 сотық жер беру туралы тармақ енгізілді. Бастама қазақстандықтар арасында қызығушылық пен қолдау тудырды. Ұсыныс - Халық партиясының бағдарламасына кездейсоқ енгізілген жоқ және бұл әдемі уәделерді жинаудың техникалық қадамы да емес. Бұл - ҚХП-ның жылдар бойы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және тіпті идеологиялық күн тәртібінің жүйе құраушы пункті. Ол біз басымдық беріп отырған қоғамның көзқарасынан туындап отыр», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, молшылықтың тағы бір маңызды критерийі – лайықты баспана, өз жерінде үй салу мүмкіндігінің болуы. Бұл - отбасылық және әлеуметтік материалдық әл-ауқаттың негізі. Елімізде тұрғын үй бағдарламалары көп қабылданды, қомақты қаражат бөлінуде. Бірақ мәселе мынада – орта отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мақсаттар қойылмайды. Үйлер салынып жатыр, дегенмен халықтың көп бөлігінің тұрғын үй жағдайы жақсарып жатқан жоқ. 

«Қарқынды құрылыс әлеуметтік міндеттерді шешпей, инвесторлар мен құрылыс компанияларының баюына ғана жағдай жасап отыр», - деді ол.

Осы орайда мәжілісмен бюджеттік үйлердің мәселесін де атап өтті. Арзан баспана салынса да, оның сапасына қатысты дау-дамайлар басылатын емес.

«Өкінішке қарай, қалаларда әрбір адамның 10 сотық жерді алу құқығына қатысты норма жұмыс істеп тұрған жоқ. Оған бір ғана себеп бар. Шын мәнінде, бұл мәселені шешуге ешкім тырысып жатқан да жоқ», - деп атап көрсетті Қоңыров.

Оның ойынша, бүгінде инфрақұрылымның жоқтығына және жердің тапшылығына сілтеп жатады. Бірақ мәселе онда емес. Бұл бастаманы іске асыру жүйесі жоқ. Ол үшін ешкім жауап бермейді.

«Қазақстан Халық партиясы Үкіметті әркімнің өз үйін салуына жағдай жасауға шақырады. Жер учаскелерін беру - маңызды, өмірлік міндет, ол жеке бағдарламаға немесе ұлттық жобаға лайық. (…)

20 сотық жер бөлуді кедейшілікпен күрес және Қазақстанда ауқатты қоғам құру міндеттерін шешудің жолы ретінде қарау керек», - деді А. Қоңыров. 

Депутаттық сауалда 20 сотық жер беру аса бір шығынды емес екендігі атап өтілген. Дұрыс көзқараспен қарағанда, оның прагматикалық экономикалық маңызы зор.