09 жел, 2020 сағат 11:42

Мәжіліс депутаттары ГМО өнімдерін Қазақстанға кіргізбеу тетіктерін құруды ұсынды

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер (ГМО) бар өнімдерді Қазақстанда сатуға жол бермеу мәселесін көтерді.

Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Қазіргі кезде ЕАЭО-ның барлық елінде генетикалық түрлендірілген организмдерге (ГМО) және олардан жасалған өнімдерге қатысты жалпы саясат қалыптастырылды. Гендік инженерия негізінде алынған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын сатуға және егу үшін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған. Құрамында ГМО көп кездесетін импорттық өнімдер түрлі шектеулер мен тыйымдардың көмегімен одақ аумағынан жүйелі түрде шығарылуда», - деді депутат Айқын Қоңыров. 

Оның айтуынша, ЕАЭО аумағында құрамында ГМО бар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жағдайлары тіркеліп жатыр. Ол жартылай фабрикаттар мен тамақ өнімдерін өндіруде қолданылып отыр. 

Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы 2020 жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының «Россельхознадзор» мекемесіне Ресей рапсының 23 партиясында, сондай-ақ соя майының 10 партиясында ГМО компоненттерінің табылғаны туралы хабарлады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Қазақстанның Халық партиясы» фракциясы Үкіметтің назарын Ресей Федерациясы аумағында ГМО тұқымдары мен дайын өнімдерінің айналымына қатысты бақылаудың жеткіліксіздігіне аударып отыр.

«Біздің ойымызша, сауда серіктестері алдындағы өз міндеттемелерін орындамау ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен халық үшін тікелей қатер төндіреді. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында ГМО-ға қатысты проблеманы көтеруді және ГМО тұқымдарының енуін, қолданылуын және дайын өнімді ЕАЭО аумағынан Қазақстанға өткізуді болдырмау үшін қосымша Ұлттық қорғау тетіктерін құруды ұсынамыз», - деді Айқын Қоңыров.