14 шіл, 2018 сағат 08:13

Мәулен Әшімбаев: «Жезкиік» фестивалі Елбасы бағдарламасының жемісі

Ұлтымыз үшін ұлық мекен саналатын Ұлытаудың енді бүкіл әлем үшін де бағасы арта түспек. Себебі, халқымыз қастер тұтатын қасиетті мекенде «Жезкиік» І Халықаралық этно-музыка фестивалі шымылдық түрді. Әлемнің әр түкпірінен келген өнер ұжымдарының өнерін тамашалағандардың қатарында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары да болды. Қарағанды облысына арнайы сапармен барған Мәулен Әшімбаев фестивалдің ашылу салтанатына қатысты.

Аталған іс-шарада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының барша қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақ елінің рухани орталықтарының бірі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін бұл өнер мерекесі еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болады деп сенемін. Төл тарихы мен өнерін қастерлеген ұлт қана биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Музыка өнері – халықтың тарихын, асқақ рухын, жан-дүние сұлулығын паш ететін рухани құндылықтардың бір. Сондай-ақ бұл фестиваль халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – делінген Елбасының құттықтауында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы фестивальға әлемнің әр түкпірінен келген өнер ұжымдарының қатысуы оның мәртебесін одан сайын арттыра түсетініне назар аударып, мұндай іс-шаралардың ұлт пен ұлтты, ел мен елді рухани тұрғыда жақындастырып, мәдени ынтымақтастықтың аясын кеңейте түсуге қызмет ететінін де атап өткен.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қатысушылар мен барша халықты осындай керемет өнер мерекесімен құттықтап, бұл шараның қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтетін тың бастама екенін айтты.

– Бұл фестиваль Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі екені сөзсіз. Біз осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын сақтап, оларды бүкіл әлемге дәріптеп, танымалдылығын арттырамыз. Қойнауына тарих тұнған, бауырында бабаларымыздың ізі қалған қасиетті Ұлытау жеріне арнайы келіп, өткеннен тағылым алып, ауқымды фестиваль өткізуді халқымыздың жарқын болашағы үшін жасалған батыл қадам деп те қабылдауға болады. Сондықтан осы жобаның өміршең болуына тілектестігімізді білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов барша қонақтар мен қатысушыларға фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандары үшін алғысын жеткізді. Осы ретте фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында қазақтың жезтаңдай әншісі Бибігүл Төлегенова, ұлтымыздың батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Парламент депутаттары және тағы басқа өнер жұлдыздары мен қоғам белсенділері болғанын атап өткен жөн.

Фестиваль барысында халық «NICELABELLE» (Франция), «Хайрулло Дадобоев» (Тәжікстан), «Hoverna» (Польша), «Сказители Алтая» (Ресей), «Mariachi Champaña Nevin» (Мексика), «Вагакки» (Жапония), «Түрік әлемі» (Түркия), «Reading Pipe Band» (Шотландия,) «Amigos de Corazon» (Перу) және қазақстандық «Арқа сазы» (Қарағанды) мен «Қобыз сарыны» (Талдықорған) фольклорлық ансамбльдерінің өнерлерін тамашалады.