Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия бастауыш ұйымдарының республикалық форумында айтты.
Алдымен Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасының барша форум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті форумға қатысушылар! Сіздерді «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі белесіне орай өткізіліп отырған Бастауыш партия ұйымдары бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл айтулы оқиға партияның ең басты ресурсы оның мүшелері, яғни Отанымыздың дамуына, өркендеп, гүлдене түсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан қоғамның ең белсенді әрі жауапты өкілдері екенін көрсетеді», – делінген Елбасы құттықтауында.
Сонымен қатар партия Төрағасы «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге әр қазақстандықтың мемлекеттің әлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс екенін және бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін партиямыздың өзі де жетіліп, заманауи үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделуі керектігін атап өткен.
Одан бөлек, жиында аталған Форумның партияның 20 жылдығына арналған шаралардың басы екені де айтылды.
– Өздеріңізге белгілі, келесі жылы партиямыздың мерейтойын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде біздің партиямыз еліміздегі жетекші саяси ұйым ретінде қалыптасу жолынан сүрінбей өтті. Партия негізі қаланған күннен бастап экономикалық, әлеуметтік және саяси саладағы Елбасы саясатының басты әрі негізгі орындаушысы болып келеді. Содан бері біз барша қазақстандықтарды Президент реформаларын қолдауға жұмылдырып, ауқымды жұмыстарды атқардық деп айтуға толық негіз бар. Бұл істе бастауыш ұйымдарымыздың маңызы зор. Партиямыздың негізін дәл осы сіздер, яғни бастауыш ұйымдар құрап отыр. Біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің барлығы сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ жиында бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы мақұлданып, белсенді партия мүшелері өздерінің ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Іс-шара барысында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Нұртай Сабильянов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова сөз алып, өз тараптарында атқарылған жұмыстар жайын баяндап берді.