27 қар, 2018 сағат 14:26

Мәулен Әшімбаев Елбасының негізгі үш қасиеті туралы айтты

Бүгін Астанада Тұңғыш Президент күніне орай өткен Nur Otan Talks шарасында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының ең басты үш қасиеті туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Пікірталас алаңының спикерлері Н.Ә.Назарбаевтың маңызды бастамалары, олардың қалай қабылданып өмірге енгені, бүгінде әрқайсының Президент бастамаларын іске асыру жолында не істеп жатқаны жайлы айтып берді.

"Осы жылдар бойы Елбасының қасында жұмыс істегенім үшін қуанам. Қазір "Нұр Отан" партиясында Мемлекет басшысының біздің партияны модернизациялау бойынша барлық тапсырмасын мүлтіксіз орындауға тырысам", - дейді ол.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Елбасының үш қасиетін атап өтті.

"Біріншіден, Елбасының өз-өзін үнемі дамытып отыратын қасиеті таңғалдырады. Ол үнемі ізденіс үстінде, үнемі жаңа білім алып, үнемі ғылыми, саяси, экономикалық сияқты әртүрлі бағыттағы, әртүрлі жанрдағы кітаптар оқиды және жаңа тенденциялар туралы білуге ұмтылады. Біз, әсіресе жастар, оның осы қасиетін үйренуіміз керек.

Елбасының екінші ерекше қасиеті, жауапкершілігі мен өзіне жоғары талап қоятыны. Қандай кездесу болса да ол тыңғылықты дайындалады. Біреудің дайындап берген баяндамасын оқып бере салатын басшылар аз емес. Осы тұрғыда Елбасыны үлгі етуге болады. Ол кез келген тақырып бойынша баяндама оқитын кезде жан-жақты дайындалып, тақырыпқа қатысты әртүрлі көзқарастарға назар аударып, әртүрлі пікірлерге көңіл бөледі.

Елбасының үшінші ерекше қасиеті, Мемлекет басшысының белгіленген жерге кешікпей баруы. Бізде, әсіресе министрліктерде келген адамды сағаттап күттіріп қоятын қызметкерлер бар. Бұл тұрғыда да Елбасы үлгі бола алады. Ол өзінің де, басқа адамдардың да уақытына құрметпен қарайды және қандай шара өткізсе де, уақытынан кешікпей бастайды", - дейді ол.