Фото: agroinfo.kz
Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мәселесін көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттың сөзінше Қызылорда облысында экспорттық әлеуеті зор сала ол – күріш саласы. Күріш жармасын тұтыну өзге жарма түрлерін тұтынумен салыстырғанда 65%-дан асып, күріш еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Статистикаға сәйкес өңірімізде күріш өнімділігі жыл санап жоғарылап келеді, егер 1991-1995 жылдары Қызылорда облысы бойынша күріштің орташа өнімділігі гектарына 37,1 центнер болса, 2021-2023 жылдары гектарына 60 центнерді құрады.
Күріштің өнімділігін одан әрі артуы үшін жоғары өнімді сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, арнайы техника және препараттар қажет екенін айтқан депутат Ергешбаев:
"Бұлардың бәрін осы кезде елімізге сараптамадан өткізбей, шаруашылықтар қолданып жатыр. Ескірген техниканы қолдану, қосалқы жабдықтар мен сервистік қызметтің шығынының жоғарлауы, сараптамадан өтпеген тұқым мен тыңайтқыштарды қолдану күріштің өнімділігін төмендетуде", -деп отыр.
Мұрат Ергешбаевтың айтуынша сыр өңіріндегі үлкен ғылыми орда және еліміздегі күріш саласын зерттейтін жалғыз мекеме – Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Институт бүгінде материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету түгіл, еңбекақыны уақытылы төлей алмауда.
"Ғалымдардың жалақысының төмендігі, лабароториялардың материалдық-техникалық базасының ескіруі, ашылып жатқан селекцияларды тиісті дәрежеде қаржыландырмау салдарынан институттың мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Соған қарамастан институт ғалымдары күріштің жаңа сорттарынан бөлек, малға азық болар өзге де дақылдардың жаңа сұрыптарын шығарып, су, ресурс үнемдегіш технологияларды зерттеп, өндіріске ұсынуда", -дейді депутат.
2022 жылы ел Президенті: «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес күріштің өнімділігін арттыру үшін Ы.Жақаев институтының жарғылық капиталын ұлғайтып, материалдық-техникалық жарақтарын жетілдіру қажет», - деп тапсырған. Алайда, мәжілісмен тапсырма әлі орныдалған жоқ екенін айтады.
Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты зерттеулері бойынша Қызылорда облысындағы күріш егісін, тіпті, су тапшылығы жағдайында да мелиорациялаушы дақыл ретінде кемінде 80 мың гектар деңгейінде ұстап тұру маңызды. Күріш егістерін одан әрі қысқарту жерлердің тұздануына әкелуі мүмкін.
Мұрат Ергешбаев Серік Жұманғаринға жоғарыда аталған мәселелердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, 2025-2035 жж. аралығында қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын ғылыми кадрлармен қамтамасыз етуге; материалдық-техникалық әлеуетін дамытуға; селекциялық және тұқым шаруашылығын және лабораториялық базасын жаңғыртуға ұсынылып, оң экономикалық қортынды алған құны 4 148 миллион теңге құрайтын мемлекеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруды осы жылдан бастап қолдауды сұрады.