28 қаз, 2025 сағат 11:01

Маск «Уикипедияға» балама жоба – Grokipedia-ны іске қосты

Фото: ЕРА/ТАСС

Америкалық кәсіпкер Илон Маск жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа энциклопедия – Grokipedia жобасын таныстырды. Қазіргі уақытта онда 885 мыңнан астам мақала бар, деп хабарлады Business Insider.

Бұл бастама Масктың «Уикипедиямен» арадағы редакциялық саясатқа байланысты келіспеушіліктерінен кейін жүзеге асты.

Washington Post-тың мәліметінше, Grokipedia.com сайты іске қосылғаннан кейін бірнеше сағат бойы жұмыс істеп тұрды, бірақ кейбір қолданушылар алғашқы минуттарда техникалық қателіктер туралы хабарлаған. Қазір сайт жұмыс істеп тұр және оған Қазақстаннан да кіруге болады. Порталдың 0.1 нұсқасында тек бір іздеу жолағы бар: қолданушы сұрағын енгізсе, жүйе автоматты түрде ұқсас сұрақтар мен жауап нұсқаларын ұсынады.

xAI компаниясы Grokipedia жобасын әзірлеп жатқанын Маск қыркүйек айында хабарлаған болатын. Ол «Уикипедияны» біржақты редакциялық саясаты үшін жиі сынға алады.

Масктың «Уикипедияға» наразылығы өткен жылы басталды. Сол кезде NewsGuard компаниясы оның әлеуметтік желісін «Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс туралы дезинформацияның басты тарату көзі» деп атаған еді. Сарапшылар бұл жағдайды Маск сатып алғаннан кейін «көк белгілердің» (тексерілген аккаунттар белгісі) сатылымға шығуымен байланыстырған. Осы мүмкіндікті жалған ақпарат тарататын аккаунттар пайдаланып, өздерін сенімді дереккөз ретінде көрсеткен.

Айта кетсек, NewsGuard кеңесшілерінің қатарында «Уикипедияның» негізін қалаушы Джимми Уэйлс бар. Ол бұған дейін де Маскты сынаған. Мәселен, 2023 жылғы мамырда Түркияда президенттік сайлау кезінде Х әлеуметтік желісі түрік билігінің талабымен оппозициялық саясаткерлердің аккаунттарын өшірсе, «Уикипедия» мұндай қадамға бармаған.

Grokipedia атауы Grok сөзінен шыққан. Бұл – Масктың 2023 жылы наурызда құрған xAI компаниясының жасанды интеллектке негізделген көмекшісі мен чат-ботының атауы. Grok мәтін мен сурет генерациялай алады және ChatGPT секілді пайдаланушымен диалог жүргізеді. Сондай-ақ ол интернет пен Х платформасы арқылы нақты уақыттағы ақпаратқа қол жеткізе алады.

Grok чат-боты қазіргі таңда Х әлеуметтік желісінің премиум жазылушыларына, сондай-ақ жеке сайт пен xAI порталы арқылы қолжетімді.

Grokipedia да сол жүйе сияқты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Алайда оның басты айырмашылығы — мақалаларды адамдар емес, Grok алгоритмдері жазады.