Фото: ашық дереккөз
Қоғам белсендісі, саясаттанушы Тоғжан Қожалы марқұм Ержан Бабақұмаров туралы естелігін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
«Мен Ержан Бабақұмаровпен 1996 жылдан бері араласып, дос болдым. Ол кезде бір-бірімізге қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, ақылдасып жүрдік. Екеуміз де өз күшімізбен көтерілген адамдар едік. Ержан өте білімді, кәсіби және жүйенің ішкі заңдылықтарын жақсы білетін азамат болатын. Ондай кадрлармен жүйе бұлайша "қоштаспауы" керек еді», — деп жазды ол.
Тоғжан Қожалының айтуынша, Бабақұмаровтың қызметтен шеттетілуі өзіне де түсініксіз болған.
«Мен оның мас күйінде көлік айдап, он күнге қамалатындай жағдайға түскеніне сенбеймін. Өте сақ, есеппен жүретін адам еді. 56 жасында біреумен төбелеседі дегенге де сену қиын. Ол тым көп нәрсені білетін, Мәсімовпен ұзақ жыл қызметтес болды, кейбіреулерге қауіпті болуы да мүмкін еді. Ұзақ жылдар бойы билік жүйесінде болған соң, дұшпандары аз болмағаны анық», — деп жазды саясаттанушы.
Сондай-ақ ол Ержан Бабақұмаровты елге адал қызмет еткен нағыз мемлекетшіл тұлға деп атап өтті.
«Ержан — ерекше интеллект иесі, аналитикалық ойлауы мықты тұлға еді. Оның өмірі жүйенің қаталдығын айқын көрсетіп тұр. Иманы саламат болсын, досым Бабик. Ел үшін жанын салған азамат еді», — деді Тоғжан Қожалы.
Айта кетейік, бұрын Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ержан Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты. Кейін оқиғаның жай-жапсары белгілі болды.
