Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев білім беруде ерекше жағдайды талап ететін балаларға арналған «ВІ-Жұлдызай» республикалық спартакиадасының ашылу салтанатында айтты.
Салтанатты рәсімде барша қатысушыларды спартакиаданың ашылуымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі сайысты батылдық пен төзімділіктің, қайрат пен қажырлықтың және намыс пен асқақ рухтың жарқын көрінісі деуге әбден болады. Сондықтан спартакиаданың әр қатысушысы қандай нәтиже көрсетсе де жеңімпаз деп танылатыны сөзсіз. Өйткені осындай ірі жарысқа келіп, қатысудың өзі, шын мәнінде, үлкен жетістік, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол бұл бағытта елімізде жасалып жатқан жұмыстарға назар аударып:
– Кез келген елдің дамуын анықтайтын түрлі көрсеткіштер болады. Солардың бірі және ең маңыздысы – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасы. Егер мұндай жандардың құқығы қорғалып, барлық қажетті жағдай жасалса, ондай мемлекетті жан-жақты дамыған деп айтуға толық негіз бар. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Яғни, елімізде инклюзивті білім беру жүйесін енгізу, кедергісіз орта қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету және осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы да осы бағыттағы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанына назар аударды.
Спартакиада 2016 жылдан бері «ВІ-Жұлдызай» корпоративті қорының бастамасымен «Нұр Отан» партиясының, Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Назарбаев университетінің, спорт федерацияларының, Паралимпиадалық комитеттің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Биыл аталған сайыс Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.