28 қыр, 2016 сағат 20:25

Мәселенің мәселесі

халықтық істің бірі кадр дайындау болып табылады

ХХІ ғасырдағы елдік істе өзгеге есеңді жібермейтін, есіктен кірсең төрге оздыратын, қарымыңды танытып, талантыңды тәнті ететін – терең білім, зеректерге қанат болған ғылым. Бұл екеуінсіз қадамың ұзармайды, мақсатың мандымайды, өрісті ойың орындалмайды. Содан да шығар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен бастап осы екі салаға жете мән беріп, қаржымен қамтамасыз етіп келе жатқаны. Сол қамқорлықты кейде өз дәрежесінде пайдалана алмай қалып жататын тұстарымыз да баршылық. Өмір дамуы осындай сан салалы сұрақтарды тарау-тарау етіп алға тартып отырған тұста, білім мен ғылымға бүкіл саналы ғұмырын арнаған оқымыстылармен ой бөлісуді жалғастырып келеміз. Бұл жолғы пікірлесіміз – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмәділ ШІЛДЕБАЕВ.

– Иә, білім биігіне, ғылымның көкжиегіне ден қойған ұлт еш уақытта ұтылған емес, – деп бастады сөзін ғалым. – Қазір жұртымыздың мақ­танышына айналған кешегі алыптар тобы бүгінгі олардың ізін басқан санаулы саңлақтар – білім мен ғылымның қыр-сырын бес саусағындай білгендер, адамдықтан аттамаған, ар жолынан шықпағандар. Мен де солардың үлгісін үкілеп келемін. 45 жылдық ғұмырымды ұлттық педагогиканың білім беру мен ғылымдағы қарашаңырағы саналатын ҚазПИ, бүгінгі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық универ­си­тетінде өткізіп жатырмын. «Елу жылда – ел жа­ңа» дегендей, бұл білім ордасында бұрын 4 факультет, 4 оқу ғимараты, 4 студенттер жатақханасы болса, қазір 9 оқу ғимараты, 5 жа­тақхана, 29 компьютерлік сынып, 16 институт, 10 факультет, 62 кафедра жастарға қызмет көрсетіп отыр. Магистратура және PhD докто­рантура институты жұмыс істейді.

– Жұмәділ Байділдәұлы, университеттің өткені мен бүгінін салыстырып айттыңыз. Өзіңіз де ұстаздық қызмет атқарып келесіз. Алдыңғы толқынды, кейінгі ізбасарларды айтып отырсыз. Дәстүрін естен шығар­маған елдің жақсылары қашанда ұлтымен бірге жасай берері хақ. Сіздің де ұстаздарыңыз аз емес шығар?

– Әрине, алдыңғы толқынды ардақтап, олардың есімін кейінгі жасқа ұғындырып отыру үлгісін ұлықтай беруіміз керек. Менің өмір жолым, өсу баспалдағым аталмыш университеттің жаратылыстану-география факультетімен тікелей байланысты. Алтын бесігім десем де болады. Дәрісін тыңдап, өнегесін алған ұс­таздарым көп. Біздің кезімізде профессорлар санаулы еді. Алдына именіп кіріп, иіліп шығатынбыз. Доценттердің өзі дара көрінетін. Сондай ардақты азаматтардың қатарында профессорлар Т.Мұсақұлов, И.Нұғыманов, доценттер Ш.Ізбасаров, С.Орынбеков, А.Дүйсебаев, Қ.Әмірғазиев бар. Ал ұстаздарым профессорлар С.Жұмабаев, К.Сағатов, С.Обаев, А.Сейітжанов, К.Мұхаметжановтың мен үшін орны бөлек. Ғылым жолындағы тағдырым мені географтар мен педагогтарға жақындастырды. Соның бірі емес бірегейі, ұлағатты ұстазым, көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, академик Ә.Бейсенова болды. Қазақ қыздарының мақтанышы мен үлгісіне айналған ғалымға алғысым шексіз. Бүгінгі тірлік-тынысымыз жайлы сәл тоқталар болсам, университеттің қазіргі ректоры, академик Серік Пірәлиев 2008-2016 оқу жылдары аралығында университеттің барлық құрылымын қайта жасақтап, оқу-тәрбие процесін несиелік оқу жүйесіне негіздеп, ғылыми-зерттеу орталықтарын, институттар, жаңа факультеттер, оқу-әдістемелік зертханалар ашып, дәуір талабына қарай, инновациялық технологияның озық жетістіктері енгізіліп, студенттердің әлеу­меттік жағдайына көңіл бөліп келеді. Осы арада мына бір ойымды да ортаға сала кетсем деймін. Педагогикалық оқу орындары мұғалім дайын­дау ісінде теориялық білім мен тәжірибені бі­рін­ші курстан бастап қолға алатын еді. Бұл жас маманның келешекте сабақ беруіне кең жол ашатын. Институт қабырғасында жүріп-ақ олар сабақ берудің тәсілін жетік меңгеретін. Мектепке барғанда оқушылармен тіл табысып кететін. Қазір мұғалім болуға ұмтылмаудың бір себебі, осы тәжірибені үзіп алғанымыздан ба деймін. Теория мен тәжірибені талапкердің бо­йына тең дәрежеде сіңіріп отырсақ, жақсы мұғалім дайындар едік. Бұл бір жағы десек, екінші, жас мұғалімдердің еңбек өтіліне тө­лей­­­тін ақының аздығы олардың ынтасын төмендетуде.

– Ұзақ жыл факультет деканы болып, кафедра меңгерген екенсіз. Сол қызметтен өз еркіңізбен бас тартыпсыз…

– Сұрақтың басталуынан-ақ астарын түсі­ніп отырмын. Алда да айттым, біз алдыңғы толқынның үлгісін көрдік. Олардың мейіріміне бөлендік. Енді сол қасиетті кейінгінің бойына дарытып, санасына ұялатуымыз керек қой. Сондықтан мен кафедраны ізбасарларыма тапсырдым. Оларға орын бермей, қосарлануды артық көрдім. Дәріс оқып жүруді жөн санадым. Сонда ғана сыйлы болатыныма көзім жетті. Үлкен үлкендігін танытпаса, кейінгі жас біздерге жалтақтап жүріп, кемелдікке жете қоюы екіталай ғой. Амал нешік, жасы 75-тен асса да кейбір профессорларымыз өз еркімен жастарға орын бергісі келмей қарсылық білдіріп, атағын пайдаланатыны бар. Менің ойымша бұл, әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орындары оқытушылары үшін келіспейтін істей көрінеді. Жоғары оқу орындарының біразы бұл мәселені ресми түрде шешкенінен хабардармын. 65-тен кейін кафедраның доценті, профессоры болса жетіп жатыр емес пе? Қазақтың құдайдан тілейтіні «әдемі қартаю» ғой. Дәстүрлі сабақ берудің күні өтіп барады. Сарғайған қағаздағы дәрістің орнын инновациялық теория тәсілі басып келеді. Ендеше, бәрін ақыл-парасатқа жеңдіруден артық не бар?

– Жоғары мектеп табалдырығын жаңа ат­таған талапкерлердің атына кейде білімдері таяз деген сын айтылып қалады. Осы туралы бай­ламыңыз қандай?

– Шынын айту керек, мен 1967 жылдың түлегімін. Біз 10 және 11-сынып оқушылары мектепті қатар бітірдік. Оқуға «сүйреген» ешкім болмады. Бірақ өз қалауымызбен жоғары оқу орнына баруды ұйғардық. Ал оқуды орта бағамен аяқтағандар кәсіптік білім алуға аттанды. Біраз замандастарымыз ауылда қалып еңбекке араласты. Бұл үрдіс кеңестік дәуірдің озық технологиясы дер едім. 1985-2000 жылдары жоғары оқу орындарына талпынған түлектердің білім деңгейі жоғары болды. Сөзім жалаң болмас үшін мысалға жүгінейін. Әлі есімде, медицина институтына келген абитуриенттерден емтихан алғаным бар. Бір орынға 5-6 алтын медаль алғандар келіп жатты. Одан кейінгі кезеңде білім сапасының төмендеуі байқалды. Бұл ақылы және жоғары оқу орнына түсу кезіндегі тесттік сынақ енгізуден басталды деген өз болжамымды айтқым келеді. Өйткені кез келген оқу орнына түсуге шек қойылмады. Ақ­шасы болса, ақылы оқу орны есігін ашып, төріне оздыра беретін болды. Оның үстіне оқу орындарының несиелік оқыту технологиясына көшуі отқа май құйғандай болды. Ондағы тесттік жүйе оқытушының шәкірт білімін бағалауға қолы жетпей қалғанын ашық айтуға тиістімін. Сөйтіп, жоғары оқу орындарының ұстаздары қауқарсыздық күйін кешті. Тіпті, оқытушының рөлін оператор-бағалаушы атқаратын болды. Осылайша, білім сапасы төмендеп, сұранысқа лайық емес кадрлар легі көбейіп кетті. Диплом алушыларды жұмыспен қамту екінші орынға ысырылды. Бір мамандық иесі жұмыс таппаған соң, екінші мамандық алуға әрекеттеніп жатты. Сөйтіп, орта мектеп, басқа да салалар, жоғары оқу орны болсын, білікті кадрлардың орнын XXI ғасырдағы ақылы әрі тесттік жүйемен білім алған мамандар басты. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Талапты, дарынды жастар ауыл мен қалада жеткілікті. Өкініштісі, біз оларды бетпе-бет келіп бағалай алмадық. Сенімге техника ие болды.  Сөйтіп, атүсті әзірленген мамандардың білім-білігі жұрттың көңілінен шықпады. Оған бұл арада дәйек келтіріп жатпасақ та елге мәлім жай деп ойлаймын. Кейбір жоғары оқу орнының өз білгенінше кадр дайындау жұмысы бұл күндері мәселеге айнала бастағанын көріп отырмыз. Бұл жастарға да, қалтасын қағып, ұрпағы үшін оқу ақысын төлеген ата-аналарға да оңай тимегені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, кадр дайындау халықтық іс екенін естен шығармасақ деймін. Сонда мықты маман әзірлеуді жүзеге асырар едік.

– Соңғы жылдары орта мектеп оқулық­тарына, әсіресе, балама оқулықтарға алуан түр­лі пікірлер айтылып жүр. Сіз де оқулық авторларының бірісіз. Бұл жөніндегі ой байламдарыңызды білсек деп едік.

– Бір атап өтерлігі – биылдан бастап мектептерден баламалы оқулық алынып тасталды. Тек базалық оқулықтар ғана оқытылатын болды. Бұл құптарлық іс екені сөзсіз. Отанымызда 1993 жылы Қазақ елінің жаңа буын оқулықтары қолданысқа енді. Олар алғаш рет ана тілінде жазылып, одан соң барып басқа тілдерге аударылды. Яғни, оқулықтың мазмұны, мәні мен сапасы Қазақстанның тарихы мен табиғатына, салт-дәстүріне негізделді. Осы қалыптасып келе жатқан дәстүр кейін өзгеріске ұшырап, 2003-2004 жылдардан бастап баламалы оқулық пайда болды. Бұлар есе бермей көбейді. Авторлар мен баспалар арасында бәсекелестік басталды да кетті. Бір пәнге арналған 3 оқулық қатарымен білім ошақтарына жіберілді. Соның салдарынан сан түрлі көзқарас, сан түрлі «әдіскерлер» бой көрсетіп, бармақ басты, көз қыстыға жол берілді. Кез келген баспа оқулық шығарумен айналысып, сападан гөрі табыс табуға ден қойды. Мұндай орынсыз бәсекеде сапа артпайды. Сан қуушылық орын алады. Негізінде бір пәнге арналып бір оқулық шығуы керек. Сонда ғана стандартқа сай оқулық оқушы қолына тиіп, білім сапасы талапқа сай болады. Ұрпақ шатаспайды.

Иә, мен де оқулық жазып жүрген авторлар­дың бірімін. Академик Ә.Бейсенованың ұйым­дастыруымен 1993 жылы «Қазақстанның көп сатылы оқу жүйелерінде экологиялық білім мен тәрбие беру тұжырымдамасын» жасадық. 4-5 сыныптарға арналған экологиялық бағдарлама түздік. Соның нәтижесінде 3 оқу кешені мен 9-сыныпқа арналған «Экология» оқулығын жарыққа шығардық (авторлары Ә.Бейсенова, Ж.Шілдебаев). Бұл қазір қолданыста. Ендігі мәселе, экологиялық білім мен тәрбие беруді 1-сыныптан бастауды ұсынып отырмыз. Көрші Ресей мемлекеті экологияны мектепте пән ретінде оқытуды 2006 жылдан бастап кеткенін еске сала кетейін.

– Білім жүйесіндегі «үш тұғырлы» тілге қатысты, әралуан қоғамдық пікірлерге уә­жі­ңіз қандай?

– Күрмеуі көп, күрделі сұрақ қойып отырсыз. Мен кемел келешекті болжаған Елбасының идея­сын қолдаймын. Министрліктің бағытына да түсіністікпен қараймын. Уақыт талабына қарай, білім мен ғылым кеңістігі де осыны қажетсініп отыр. Әсіресе, ағылшын тілін жастардың мең­ге­руі міндетті дер едім. Тек мемлекеттік мәр­тебеге ие қазақ тілін білуді барлық мекемелерде алға оздырсақ ұтылмаймыз. Бұл арқылы ана тіліміздің мойнымыздағы қарызы мен парызын адал атқарар едік. Дегенмен, тіл үйренуде асығыстыққа ұрынбағанымыз жөн сияқты. Жа­сыратын несі бар, шалғайда жатқан ауыл, үлкенді-кішілі елді мекендердегі мектептердің бұған төрт құбыласы дайын деп айта аламыз ба? Мамандар, оқыту технологиясы мен техника жағы жеткілікті ме? Осы сұрақтар мені ғана емес, білім саласында жүрген мектеп мұғалімдерінен бастап, академикке дейінгі аралықтағы азаматтарды мазалап отыр. Сондықтан тәуелсіз елдің ертеңін еңселі етуді мақсат еткен озық идеяны жан-жақты ойластыра келіп, ғылыми негізін қалап, соны тәжірибеде тиянақтасақ, жас ұрпақтың өркениет көшінен қалмасы анық. Жапония, Корея, тағы басқа елдер 1-4 сыныпты өз ана тілінде оқиды екен. Ана сүті, ана тілі қашанда қасиетті ғой.

– Қазақстанда жас ғалымдардың ғылым мен білімге деген көзқарасы, құштарлығы қан­дай деңгейде? Олардың әлемдік ғылым мен білім кеңістігіндегі орны және болашағы туралы не айтасыз?

– Ойға қалдыратын сұрақ екен. Мен ғылымға деген көзқарасымды өз басымнан өткен тәжірибе негізінде жауап беріп көрейін. Кандидаттық диссертация қорғар алдында Зоология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түстім. Үш жыл бойы материал жинадым. Экспедицияда болдым. Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Баку қалаларының ғылыми-зерттеу институттарында ізденістерімді жасадым. Теорияда дәйектелген зерттеулерімді тәжірибеде көрсеттім. Сөйтіп, 1985 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылымның инемен құдық қазғандай екенін сонда ғана білдім. 15 жыл бойы жинаған материалдарымды жоғары оқу орнына келіп, білім берумен ұштастырдым. Яғни, ғылымның жетістігін білімге айналдыру арқылы өз мақсатыма жеткендей болдым. Жоғары оқу орындарына арналған «Экология және табиғатты тиімді пайдалану», «Экология негіздері», «Экология», «Қазақстанның ерекше қорғалатын аумақтары және биоалуантүрлілік», «Экология және тұрақты даму» оқулықтарын жаздым. Мектеп оқушылары үшін «Экология» (9-сынып), «Биология» (9, 11 сыныптар), «Қызықты экология», т.б. еңбектер ұсындым. Бұл кітаптар қазір талапкерлердің, ұстаздардың қолында. Аталған еңбектер мен 2006 жылы шыққан «Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің теориясы мен әдістемесі» тәрізді зерттеулеріме Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары оқу орындарының мұғалімдері үшін тағайындаған «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантын 2 мәрте алдым. Енді сұраққа тікелей жауап беретін болсам, ақиқатында ғылымның беделінің түсе бас­тауы соңғы 10-15 жылда қатты байқалды. Оның басты себебі, ғылымға қатысы жоқ адамдардың ғылыми атақ алуға ұмтылуынан болды ма деймін. Бір күн лабораторияда отырмаған, үш күн студентке дәріс бермеген азаматтар ғылым кандидаты, докторы болып жатты. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, өндіріс, саяси және әкімшілік қызметтегі тұлғалар да болды. Әрине, ғылым мен білімге жаңалығымен келіп жатқандар табылса, кім қарысып қарсы шықсын. Көп жағдайда олай бола қоймады. Диссертация қорғау күлкілі жағдайға дейін барды. Тіпті, көшіріп алуға, біреуге жаздыруға, плагиатқа, өзге де айтуға ұят мәселелерге жол берілді. Қорғалған диссертациялардың құнсыз болғаны сонша, бірден архивтерге жіберілгеніне куәміз. Ғылымдағы осындай олқылықтар Елбасының назарына дер кезінде ілініп, ақыры диссертация қорғаудың кеңестік жолы 2006 жылы біржола тоқтатылды. Есесіне несиелік жүйеге негізделген магистрлер мен PhD философия докторын әзірлеу жүзеге аса бастады.

Шынын айту керек, бұл жүйе шетелде білім алып, қорғағандарға өте қолайлы болды. Ал біздің ғылым мен білім жүйесі үшін екі-үш жылда диссертация қорғау бәрі бірдей сапалы дей алмасақ керек. Оның себебі, диссертанттың шет тілін жетік білмеуі, сол сияқты талап етілетін мақаланы шет тілінде, шетелде жариялау қымбатқа (500-1000 евроға дейін) түсіп, талапкерлердің жағдайын қиындатып, ғылымға деген олардың селқостығын туғызды.   Аз стипендия, өзге де әлеуметтік жағдайлар да кері әсерін тигізбей қоймады. Оның үстіне ғылыми-зерттеу институттарының жабылуы, мардымсыз еңбекақы жастардың ғылымға деген қызығушылығын жоғалтты. Мәселен, 1972-1985 жылдары мен қызмет істеген Зоология институтында 200-300 қызметкерден қазіргі қалғаны 40-50 адам ғана. Бұл факт ғылымға деген көзқарастың қандай екенін көрсетіп тұр емес пе?! Енді қараңыз, кеңестік кезде қорғаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары жыл сайын азайып келеді. Оның орнын қай салада болсын магистрлер мен PhD докторлары баса бастады. Ал осы күнгі PhD философия докторы мен бұрынғы ғылым кандидатын бір деңгейге қоя алмайтынымыз белгілі. Сонда болашақ ғылым мен білімнің тағдыры не болмақ? Сондықтан Елбасының осы салаларға қамқорлығын жақсы пайдалансақ, білім сапасы артып, ғылыми-зерттеулер жүйелі дамып, жас­тар ғылымға бет бұра бастар еді.

Өткен дәуірде ғалым болсам деген ұрпақ көп болатын. Менің ұстаздарым да, замандастарым да, кейінгі біраз ізбасарларымыз да ғылымға келуді өздеріне абырой санады. Өмірдің кез келген саласы ғылым арқылы дамитынын жете түсінді. Дүниені түлететін де, түрлендіретін де ғылым мен білім екенін қазіргі жастар да жақсы біледі. Өйткені, олар әлемдік техника мен технологиядан молынан хабардар екеніне менің иманым кәміл.

Сөз соңында кейбір пікірлерімді ортаға сала кетсем деймін. Оның біріншісі, ақылы білім алу жүйесін сәл де болса шектеп, мемлекеттік сұранысқа қарай ұйымдастыру керек. Өйткені, бұрынғыдай бір мамандықпен 30-40 жыл қызмет етудің күні өтіп барады. Дәуірдің дамуы кей тұста алған мамандығың бойынша 4-5 жыл ғана қызмет істеуге жарап, одан кейін жаңарту, жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Ендеше, алдағы уақытта кадр дайындау ісіне сергек қарасақ, ұтылмаймыз. Екінші, мектепке сапалы мұғалімдер дайындау үшін жоғары оқу орындарының білім жүйесін ізгілендіру,  инновациялау, тек талантты да ынталы жастарды қабылдауды жүзеге асырсақ жөн болар еді. Үшінші, мектеп мұғалімдерінің еңбекақысын арттырып, қаражат тапшылығынан құтқарсақ, сапалы білім қанат жаяры анық. Ал жас ғалым­дарды ғылымға тартуда қаржыландыратын ғылыми жобаларды көбейту, арнайы гранттар бөлу оған ізденушілердің толық қолжетімділігін жіті ойластырсақ, толқын-толқын ұрпақ ғылым мен білімге бет бұрары айдай анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы