29 мам, 2024 сағат 15:38

"Не жарық, не жол, не су жоқ": Депутат Алматы іргесіндегі Қарасай ауданының мәселелерін көтерді


Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен

Депутат Данияр Қасқарауов бүгін өткен Мәжіліс отырысында премьер-министрге сауал жолдап, Алматының іргесіндегі ауылдардың мәселесін көтерді. Соның ішінде Қарасай ауданына қарасты Кемертоған елдімекенінің инфрақұрылымы мүшкіл күйде екенін айтып, бірқатар талаптар қойды деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


Депутаттық сауалдың толық нұсқасы:

Құрметті Олжас Абайұлы!
Президенттің маңызды шешімімен елімізде жаңа үш облыс пайда болды. Оның ішінде Алматы облысы екіге бөлінді. Біздің облыста арнайы Алатау қаласы бой көтерді. Бұл біздің өңір үшін Президент тарапынан едәуір қолдау. 
Дегенмен, әлі де өңіріміздің аудандарындағы инфрақұрылым мәселелері шешімімін таппай отыр. Мысалы, шалғайдағы аудандарыда айтпағанда, Алматы қаласының іргесінде тұрған атышулы Қарасай ауданының проблемалалары шаш етектен.
Ал ол мәселелерді шешуге не облыс, не аудан, не ауыл әкімдері құлықты емес. Әрбір мәселеге тек сыдырма жауап қайтарумен шектеліп келеді.
Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Кемертоған ауылында 160-тан астам тоқ подстанциясы бар екен. 
Оның барлығы жекеменшіктің қолында. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ техникалық талаптарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жарамсыз болуда. Бұл мәселе бойынша Прокуратураның өзі әртүрлі заңсыздықтарға қарамастан, нақты заңды шешім шығара алмады. Депутаттардың хатына нәтижелі жауап болмады.
Келесі мәселе, Кемертоғандағы көшелердің тозығы жеткен, мүлдем жол жоқ деп айтса болады. Кейбір көшелер жекеменшіктің қолында. Мәселен Жасқыран, Шапағат көшелеріндегі тұрғындар өз үйлеріне көше арқылы кіріп шыға алмайды. Себебі көше түсуі тиіс телімдер жекенің қолында. Жергілікті автокөлік жолдары, өндірістік аймақтардың жерлері бөтен біреулердің жер учаскесі болып кеткен.
Оған қоса, Қарасай ауданындағы жер мәселесі де ушығып тұр. Өкініштісі, су қорғау белдеулерінің аумағында жаппай құрылыс орын алуда, Іле-Алатауы ұлттық саябағының қорғау аймағында, мүрделердің санитарлық қорғау аймағында тұрғын үйлер соғылуда. Рекреациялық аймақтар қысқарған.
Бұл тікелей аудан әкімінің жауапкершілігі. Мегаполистің іргесінде тұрған ауыл тұрғындарының проблемаларын шешуге өңірдің ешбір әкімі құлықты емес.
Сондықтан Қарасай ауданындағы күрмеуі көп мәселені шешу үшін төмендегідей талаптарымыз бар: 
Біріншіден, Бас Прокуратурадан - электр жабдықтау ұйымының 2021-2023 жылдардағы шаруашылық қызметін прокурорлық тексеруді;
Екіншіден, Ауыл шарушылығы министрлігіне аудан бойынша жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын қайта қарауды.
Үшіншіден, Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексерісті ашуды талап етемін.
Сондай-ақ, аталған депутаттық сауал ресми Бас прокуратура мен Жер ресурстарын басқару Комитетіне жолданған арыз деп қоса есептелсін.
Құрметпен, депутат Қасқарауов.