Фото: ашық дереккөзден
Бүгін Парламент мәжілісінде масс-медиа туралы заң жобасы талқыланып, онда депутат Самат Мұсабаев масс-медиа терминіне шүйлікті. Бұл туралы «Ұлт Ақпарат» хабарлайды.
Заң жобасын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырып, баяндама жасады.
«Заң жобасы бұқаралық ақпарат құралы» ұғымын «масс-медиа» деп өзгерту, сондай-ақ 451- және 452-баптарды бір бапқа біріктіруді көздейді. Заң жобасын қабылдау бюджеттен қаражат шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқпайды», - деді Аида Ғалымқызы.
Сондай-ақ, министр депутаттардың сұрағына жауап беру кезінде терминнің өзгеруі әкімшілік құқықбұзушылықтардың субьектілері және қылмыс құрамдарына ешқандай ықпалын тигізбейтінін айтты.
Алайда депутат Самат Мұсабаев терминнің мағынасын түсінбейтінін айтып, министрден «масс» деген сөздің мағынасын сұрады.
«Масс-медиа» деген сөздің мағынасы қандай? «Масс» деген сөздің... Мас адам дегенді білетін едік, масс-медиа дегенді бірінші рет естіп отырмын», - деді Самат Мұсабаев.
Аида Балаева өз кезегінде бұл сұрақты бұған дейін депутат Абзал Құспан да қойғанын, аталмыш терминді шетел тіліне сәйкестендіріп қойғандарын айтты.