29 қар, 2023 сағат 19:32

Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды

Фото: facebook.com/marat.zhilanbaev

Танымал марафоншы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

29 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландырғаны (ҚР ҚК 258-бабы 2-бөлігі), сондай-ақ оның қызметіне қатысқаны үшін (ҚР ҚК 405-бабы 2-бөлігі) Жыланбаевқа қатысты үкім шығарды.

Сот мәліметінше, сотталушы ҚР аумағында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының (бұдан әрі – ҚДТ) жақтаушысы бола отырып, ҚДТ көшбасшысымен және оның шетелдік штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту мақсатын көздейтін тапсырмалар мен нұсқаулар алған.

«Атап айтқанда, Жыланбаев шетелде жасырынып жүрген «ҚДТ» штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласып, экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра, қаржылық, ақпараттық және өзге де қызметтерді ұйымдастырған.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады (ҚК-нің 405 – бабының 2-бөлігі бойынша 2 жылға, 258-бабының 2-бөлігі бойынша – 10 жылға бас бостандығынан айыру)», - делінген хабарламада.

Бұл ретте, қорғаушы тарап сотталушыны оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған.

«Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

ҚР ҚК-нің 405-бабы 2-бөлігінің санкциясы белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

ҚР ҚК-нің 258-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот үкімімен Жыланбаев ҚР ҚК-нің 258-бабы 2-бөлігі және 405-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды», - делінген хабарламада.

Сот Жыланбаевтың баласының барын және сотталушының бұрын-соңды сотталмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныған, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.  

Үкім заңды күшіне енген жоқ.