24 қаң, 2025 сағат 14:41

Маңғыстаудағы сарбаздың өлімі: Прокурор оқ атқан офицерді 13 жылға соттауды сұрады

Фото: Stan.kz

Астанада сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 24 қаңтарда прокурор күдікті Дамир Досовты 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Ult.kz, Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Амангүл Жұмағалиева зенитті-артиллериялық взводының экс-командирі, 22 жастағы Дамир Досовтың кезекшілікке түскенін және екі оқжатары бар тапанша алғанын айтты. Ол сарбаздар отырған шатырға кіріп, оларға қарай тапанша кезеп, оқтап кейін 18 жастағы Барқұловтың бетіне атып жіберген. 

"Досовтың қылмысты білмей жасағаны туралы жауабына сыни тұрғыдан қарауды сұраймын, себебі ол қаруды қалай қолдану керегін білуге тиіс. Куәгерлер де Досовқа тапаншаны берген кезде нұсқаулық жүргізілгенін айтты", – деді прокурор. 

Амангүл Жұмағалиева Досовты қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушыныің сөзінше, командир әскери институтта оқыған, сондықтан қаруды адамға кеземеу керегін біліп, тапаншадан атуды үйренген. Тапаншада оқ болғанын білмегенін айтқан Досовтың сөзін майор Бағдат Майлиев пен өзге де куәгерлер жоққа шығарған. 

Марқұм сарбаздың әкесі мен анасы соттан ұлының өлімі үшін моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге талап етті.