Фото: Lada.kz
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында көпсалалы орталық аудандық ауруханаға ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Медициналық ұйым 170-тен астам төсек-орынға есептелген және жыл сайын 320 мыңнан астам науқасты қабылдайды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жоба прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда аудандық аурухана халықтың толық көлемде мамандандырылған көмек алу қажеттілігін өтей алмай отыр, науқастар ірі қалаларға жүгінуге мәжбүр. Бейнеу ауданында 68 мыңнан астам адам тұрады, сондықтан сапалы әрі дер кезінде көрсетілетін медициналық көмек ерекше маңызды.
Жоба аясында:
-
ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіледі;
-
жаңа құрылыс салынып, мамандандырылған бөлімшелер ашылады;
-
заманауи медициналық жабдықтар орнатылады (КТ, МРТ, ангиограф, эксперттік деңгейдегі УДЗ аппараттары, реанимация және операциялық құрал-жабдықтар).
Жаңартылған ауруханада инсульттік және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология және ортопедия бөлімдері жұмыс істейді. Қабылдау бөлімі триаж жүйесімен жабдықталады.
Бұл бастама аудан және көршілес елді мекендердің тұрғындарын заманауи, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның орындалу барысы Маңғыстау облысы прокуратурасының бақылауында.
