Фото: ашық дереккөз
Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасына байланысты жедел штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Министр қылмыстық істің тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазіргі уақытта тергеу аясында жүргізушінің іс-қимылы, көліктің техникалық жағдайы, маршрут және тасымалдау шарттары тексерілуде», - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Анықталғандай, жолаушылар Бекет Атаға сапарға шыққан. Барлығы - Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірден келген. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына кешенді көмек ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ министрлік барлық жүргізуші мен тасымалдауды ұйымдастырушыларға жолда қауіпті жағдай тудырмау үшін шаршаған күйде рөлге отырмауды, көлікке артық жүк салмауды ескертті.
