18 ақп, 2026 сағат 11:09

Маңғыстау облысында сарбаз оқ жарақатынан қаза тапты

Фото: ҚР ҚМ

Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" полигонында өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметкер қаза тапты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің мәліметінше, 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты мерзімді әскери қызметкер қарумен жұмыс істеу барысында алған оқ жарақатынын қаза тапты.

"Аталған дерек бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", – делінген хабарламада.


Оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия жіберілді. Сонымен қатар бас әскери прокурор, ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің бастығы барды. Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды. Істің тергелу барысы бас прокуратура тарапынан бақылауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.