Фото: "24KZ" арнасы
Маңғыстау облысында 80 мың гектардан асатын жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды "24KZ" арнасы.
Прокурорлардың айтуынша, олардың арасында олигополия субъектілеріне тиесілі Каспий теңізі бойындағы «алтын учаскелер» бар. Мемлекет меншігіне қайтарылған жылжымайтын мүлік 9 миллиард теңгеге бағаланады.
Бұдан бөлек, аймақта рұқсатсыз салынған ғимараттарды сүру жалғасып жатыр. Былтыр сот арқылы заңсыз салынған 32 нысан бұзылған. 35 құрылыс мекемесі үлескерлер ақшасын тартып алғаны үшін айыппұл төлейді. Тағы 5 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды.
"Мемлекетке 115 жер учаскесі қайтарылды. Ірі көлемдегі жер учаскелері бұдан 10 жыл бұрын иелікке берілген. Бұл жер учаскелері мониторинг қорытындысымен біз заңсыз берілгенін және көп жылдар бойы игерілмей тұрғанын анықтадық. Нәтижесінде, уәкілетті органға заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынымды енгіздік. Соттың актілері қазір күшіне енді. Жер учаскелері толығымен мемлекет меншігіне қайтарылды" - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев.