07 қыр, 2024 сағат 20:15

Маңғыстау облысында 60-қа жуық оқушы жаппай уланды

Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысында 60-қа жуық оқушы уланғаны туралы хабарланды, деп жазады Lada.kz.

«6 қыркүйек кешінен бастап жедел жәрдемге №8 мектептің 21 оқушысының ата-анасы іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі сынды белгілермен шағымданды. 13:15-тегі жағдай бойынша медициналық көмекке 58 бала жүгінді. Клиникада 26 бала ем қабылдауда, 27 бала үйде бақылауда, ал бесеуі ауруханада жатыр», — деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.


Бесшоқы ауылындағы бірінші сынып оқушысының туыстарының айтуынша, №8 мектептің 1-4 сынып оқушылары жаппай асханадан уланған.

«Қарындасым мектептен шаршап келіп, ұйықтағысы келетінін айтты. Кешке оянғанда, жүрегі айнып, қызуы 39,2-ге дейін көтерілді. Біз оны Маңғыстау ауылындағы ауруханаға өзіміз апардық», — дейді қыздың ағасы.


Зардап шеккен оқушылардың туыстарының айтуынша, Бесшоқы ауылындағы аурухана лық толы, үлкен кезек пайда болған. Олардың айтуынша, сол жерде 50-ден астам бала бар. Маңғыстау ауылындағы емдеу мекемесінде 35-40 оқушы болған.

«Балаларын Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына апарғандар да бар», — делінген хабарламада.


Қазіргі уақытта зардап шеккендер саны әлі де көбейіп жатқаны айтылады.