Мамыр айы қазақстандық спортшылар үшін ірі жеңістерге, тартысты бәсекелерге толы болды. Отандық атлеттер түрлі әлемдік және құрлықтық жарыстарда бақ сынап, ел қоржынын медальдар мен Олимпиада жолдамаларымен толықтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті әр айдың үздік командасын, спортшысын анықтауды жалғастырады. Мамыр айының үздігі үшін дауыс беру 8 маусым, сағат 13:00-ге дейін жалғасады.
Бокстан Қазақстан әйелдер командасы
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия біріншілігі аяқталып, Қазақстан әйелдер командасы жаңа рекорд орнатты. Бұл сында Ерік Алғабек шәкірттері жалпы есебі 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Біздің команда сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) чемпион атанды. Владислава Кухта (57 келі) күміс, Марина Вольнова (75 келі) қола жүлдегерлер қатарында.
Владислав Яковлев, академиялық есу
Жапонияның Токио қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде академиялық есуден Қазақстан командасының мүшесі Владислав Яковлев Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Ол ерлер арасындағы жекелей сында өнер көрсеткен болатын. Финалда Владислав Яковлев Жапония және Иран спортшыларын алға жіберіп, қола жүлдегер атанды. Іріктеу турнирінің жаңа ережесіне сәйкес, Токио Олимпиадасына бару құқығы Яковлевке берілді. Осылайша, қазақстандық спортшы өзінің екінші Олимпиадасына дайындалу үстінде.
Хоккейден Қазақстан командасы
Шайбалы хоккейден Латвияның Рига қаласындағы әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. В тобында сынға түскен Қазақстан командасы әзірге 10 ұпаймен үшінші орында келеді. Өткен аптада Юрий Михайлис шәкірттері АҚШ (0:3) пен Канада (2:4) командаларына есе жіберіп, Германия (3:2) мен Италия (11:3) құрамаларын жеңді. Бұған дейін Латвия және Финляндия командаларын қазақстандықтар буллит сериясы бойынша жеңген болатын. Топтағы соңғы ойында қазақстандықтар Норвегияға 1:3 есебімен жол берді. Енді команданың ширек финалға өту мүмкіндігі Финляндия мен Канада арасындағы кездесуден соң белгілі болмақ. Матч нәтижесі қандай болса да, әлем чемпиондары Финляндия мен Олимпиада жүлдегері Германияны ұтқан отандық хоккейшілер мақтауға әбден лайық.
Қайсар Алпысбай, каратэ
Португалияның Лиссабон қаласында каратэден Премьер-лига кезеңі өткен болатын. Қазақстандықтар аталған турнирден үш медаль жеңіп алды. 60 келіде сынға түскен Қайсар Алпысбай барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Қайсар финалда латвиялық Калвис Калныньшті ұтқанын естеріңізге саламыз.
Ауыр атлетикадан Қазақстан командасы
Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталып, қазақстандық атлеттер алты медаль жеңіп алды. Ташкент төрінде Абылай Әуелханов (55 келі), Рахат Бекболат (102 келі) және Айсамал Сансызбаева (+87 келі) алтын жүлдегер атанып, ел әнұранын шарықтатты. Алексей Дроздов (61 келі) пен Ақмолда Сайрамкез (67 келі) күміс жүлде иеленсе, Гүлнұр Ыбырай (64 келі) қола жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан алғашқы бестікке еніп, әлемдік сынды табысты аяқтады.
Таеквондодан Қазақстан командасы
Иорданияның Амман қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде қазақстандықтар – Жансель Дениз бен Руслан Жапаров Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Олар өз салмақтарында турнир жеңімпазы атанып, тиісінше Токио ойындарына қатысу мүмкіндігін алды. Айта кетелік, екі спортшы да Рио Олимпиадасында ел намысын қорғаған болатын.