18 нау, 2024 сағат 16:52

МӘМС – мемлекетке жасалған үлкен қастандық — Ринат Зайытов


Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС атауының өзінде қателік барын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Ринат Зайытов денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға МӘМС-тің заты ғана емес, аты да қате екенін жеткізді. Депутат өз сөзіне мысал келтіріп берді.

Оның ішінде біріншісі – Президенттің сөзін бұрмалау. Президент жолдауында «міндетті» деген сөзді айтқан жоқ. Онда «ерікті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тәжірибеге енгізуді ұсынамын» деді. Біздікілер «шаш ал десе, бас алады». Ерікті дегенді міндетті қылып жібердік. МӘМС-ті қазір тоқтата алмасақ, мен сізге бір мысал айтып берейін. Аягөзде МӘМС-тің жоқтығынан адам қайтыс болған. Сондықтан жаппай халықты қабылдайтын жүйе ойлап табуларыңызды сұраймын, - деді депутат.

Сонымен қатар Ринат Зайытов халықтың жан басын қаржыландыру бойынша аудандардан, ауылдардан келген шағымдардың көбейіп кеткеніне тоқталды.

Мысалы, ауылда бір адамда диабет делік. Оған адам толмайды деп дәрі бермейтін көрінеді. Ол жағдайда не істеу керек? Олардың барлығын бір ауылға тұрғызып қоямыз ба? - деп депутат өз сауалын министрге жолдады.