Заңгер А.Тәшенова Б.Байбектің ар-намысын, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау туралы талап арызы бойынша Ж.Мамай мен И.Иманбаева және олардың өкілдері ұсынған пікірге арнай зерттеу жұмысын жүргізіп, талдау жасапты.
Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында егжей-тегжейлі жазып, көпшіліктің алдына ұсынды.
А.Тәшенова Мамай тарапынан келтірілген куәліктерінің бірде біреуі тағылған айыптауларға дәлелдеме бола алмайтынын мәлімдеді.
Оның сөзіне сенсек, Мамайдың ұсынған дәлелдері посттардан, БАҚ пен анонимді телеграм-арналардағы жарияланымдардан, сондай-ақ түсініксіз анықтамалар мен іске мүлдем қатысы жоқ құжаттардан тұратын қойыртпақ. Заң мен заңи тәжірибе тұрғысынан алғанда, бұл – сот үшін ешқандай маңызы жоқ пайдасыз жалған дәлелдемелер.
«Сот талқылауы – ең алдымен фактілер екенін тағы да атап өткім келеді. Сот жалаң жорамалдар мен «қияли әңгімелерге» емес, тек солардың негізінде ғана заңға сәйкес ақиқатты анықтайды. Бұл – әлемдік тәжірибе, құқық үстемдігі дегеніміз де, осы», – деп түсіндіріп өтті Байбектің қорғаушысы.
Адвокаттың жазбасынан заңға сәйкес жауапкерлер жария түрде айыптау кезінде сүйенген құжаттары мен растайтын дәлелдемелерін сотқа ұсынуы тиіс екені белгілі болды. Әйтсе де, Б.Байбек, 2 күн бұрын сотқа Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның жалған айыптауларын жоққа шығаратын барлық қажетті құжаттар мен фактілерді жолдай отырып, өз құқығын пайдаланыпты.
Заңгер А.Тәшенова жауапкерлердің 16 беттік пікіріне қысқаша тоқталып, олардың «дәлелдеме» деп ұсынғандары мен талапкерлер берген құжаттарды салыстырып 7 тармаққа бөліп көрсетті.
Осы түйіндерден Байбектің қорғаушысы Мамай ұсынған дәлелдердің барлығы фейк ақпарат және жалған фактілерден құралғанын алға тартты.
«Бұдан алдын Б.Байбек өз сұхбатында мәлімдегендей, олардың «журналистік зерттеу» деп аталатыны толықтай өтірік тұжырымдарға, ашықтан ашық кемсітуге, алдау мен қоғамдық пікірді манипуляциялауға құрылған. Яғни олардың «құжаттамасы» түкке тұрмайды, ал барша өтірік ақпараты ауадан алынған.
«Ж.Мамай мен И.Иманбаева осындай тұйыққа тіреліп отырған жағдайда не істемек? Көріп отырғанымыздай, процесс барысында Ж.Мамай мен И.Иманбаева және олардың үш адвокаты өздерінің айыптаулары көпе-көрнеу жала мен арсыз алдауға құрылғанын біле тұра, ерте бастан «өздерінің жеңілгенін мойындады».
Әйтсе де, лас тәсілдер мен технологияларды пайдалана отырып, жауапкерлер саналы түрде қоғамдық пікірді бұрмалай отырып, талап қоюшыны қаралайтын өтірік ақпаратты таратуын жалғастыруда. Ал процесс барысында сотты «сөзбұйдаға салып», арзан қойылымға айналдырып, талап арыз мәніне жатпайтын басқа тақырыптарды қозғап кетуде», – деп қорытындылады адвокат.
Талап қоюшы өздерінің дұрыстығына әуел бастан-ақ сенімді болғанын атап өтті. Өздерінің позициясын растау мақсатында барлық дәлелдер мен құжаттарды баршаның танысуы үшін жариялағанын жеткізді. Ал жауапкерлер тарапын өздерінің «дәлелдемелер» деп аталатынын ашық ұсынудан толықтай қашқақтап жүргенін ашық айтты.