19 мау, 2025 сағат 17:26

Мал шаруашылығы: азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Коллаж: atr.kz

Бүгінгі таңда әлем елдері азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне үлкен көңіл бөлуде. Себебі тұрақты әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Қазақстан үшін бұл мәселе – аса маңызды, өйткені біздің еліміз кең байтақ жерге ие және ауыл шаруашылығына бейімделген. Соның ішінде мал шаруашылығы – халқымыздың ежелден келе жатқан кәсібі, әрі қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі, деп жазады Ult.kz тілшісі.

Қазақстандағы мал шаруашылығы елдің ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттарының бірі. Ол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда және экспорттық әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқарады.

Елімізде 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 %-ға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығы өнімінің 4,2 %-ға артуының есебінен қамтамасыз етілді – 1,2 трлн теңгеге дейін. Атап айтқанда, сойыс салмағындағы ет өндіру көлемі 3,0 %-ға (409,1 мың тоннаға дейін), сиыр сүті өндірісі 7,5 %-ға (1347,9 мың тоннаға дейін) артты. Сондай-ақ, жекелеген азық-түлік түрлері мен астық, бидай өнімдері шетелге экспортқа шығарылып жатыр.

Ата кәсіп мал шаруашылығын  16 жыл қатарынан дамытып жатқан Түркістан облысы «Қайып Ата» кәсіпорны директоры  Сырым Ертаев бүгінде малды бордақылап союмен айналысады. Күнделікті 16 тоннадан 36 тоннаға дейін ірі қара мал етін экспортқа шығарады.

«100 шақты  150 ге жуық мал сойыс береді. Өзге елдерге Өзбекстан, Тәжікстан  елінің сұранысын қамту үшін мал басын көбейтіп бордақылап союды еселеу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңында құрылыс жұмыстары аяқталып, келесі жылы бордақылау жұмысы  2 есеге көтеріледі. ҚР Ауыл шаруаларынан малды сатып алып союмен айналысатын ет комбинаты, мал бордақылайтын шаруа және кеңседе 30 шақты жұмысшы бар.  Ірі қара малды 6 айдан 9 айға дейін байлап семіртеміз. Малды өсірудің өзіне 9 ай 1 жылдай уақыт кетеді. Төлдетіп, аналық бас қашырылады. Төлдеген соң 1 жасқа толу үшін тағы 1 жыл уақыт сөйтіп,  2 жыл уақыт кетеді. Біз оны шаруа қожалығынан сатып алып 9 ай бордақылаймыз, бағамыз сосын соямыз. Бір малдың пайдасын алу үшін 1,5-3 жыл уақыт күтеміз. Осы 3 жыл ыстық-суығы бар, ауылдағы  күннің астындағы ағайынның еңбегінің арқасында дастарханымызға құнарлы пайдалы етті ұсынамыз. Еттің маңдай термен келетінін қаладағы қазақ түсінсе екен. Қазір еттің бағасы қымбат емес. Нарықтағы баға қолжетімді. Қазақтың еті Тәжікстан, Өзбекстан нарығында қымбат болып тұр. Себебі өзге елде біздің еттің құнарлығы алға озып шығады. Елімізде жер құнарлы, жаңбыр жауып, егін егіліп, шөп өсіп тұр. Табиғи таза өнім», – дейді кәсіпкер Сырым Ертаев.

Қазақстанда мал шаруашылығы — ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін қамтамасыз ететін сала. Ол елімізді ет, сүт, жұмыртқа, жүн, тері секілді маңызды өнімдермен жабдықтап қана қоймай, экспорттық табыстың да негізгі көзіне айналып отыр.

Ал малдың жайын жақсы білетін Ерболат Сағдатұлы жастайынан малшаруа­шылығымен айналысқан. Қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсібі, тіршілігіміздің тірегі болған соң төрт түлік малдың бәрін бағып көрген екен. Қазір, негізінен, сиыр мен қой бағады. Осы екі малдың күтімі туралы тың әңгімесін айтты.

«Жайылымдағы сиырдың көк шыға бастағанда төлдегені дұрыс. Ал жылы қоражай болса, қыста да төлдегені тиімсіз емес. Жазда малдың көңін жинап, соны жаңа төлдеген бұзаудың астына салып, қорасы жайлы, асты құрғақ болуын қадағалау керек. Осылай іш өту, безентере сияқты аурулардың алдын алуға болады. Туған төл уызға тойса, денесі қуатты болады. Ал қазақы қойды бағудың жақсы тұсы 1–2 күн шамасында қозысын ертіп, жайылымға ілестіріп кетеді. Жас кезімде көп баққан қойдың бір түрі – меринос қойы. Ақ қой деп те айтылады. Жүні қымбат болғандықтан, қаржылық кіріс үшін бақтым. Ал, негізінен, төлі де, өзі де күтімді қатты талап ететін қой. Қарлы боранға, жаңбырға шыдамсыз болғандықтан, ауа райы күрт өзгерсе ақбас қойды бағудың машақаты көбейеді. Төлдеген соң төлі ширақ болмайды. Қозысын 15–20 күн қадағалап, баптап қарау керек», – дейді Ерболат Сағдатұлы.


Дегенмен, мал шаруашылығында мал азығының жетіспеушілігі, заманауи технологиялардың жетіспеуі, ветеринарлық қызметтердің әлсіздігі, экспорттық нарыққа шығудағы қиындықтар және климаттық өзгерістер мен қуаңшылықтың әсері сияқты мәселелердің барын да жасыра алмаймыз.


Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидиялар мен несиелер де бар. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты бағдарламалар жұмыс істейді.


Мал өнімдері – адам денсаулығы үшін маңызды ақуыз көзі. Әсіресе, ет пен сүт өнімдері халықтың дұрыс тамақтануында ерекше орын алады. Сондықтан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл саланың рөлі зор.

Ақбота Мұсабекқызы