Мырзашөл өңірін ең ірі мақта өсіретін аймаққа айналдырған «Достық» каналының арнасынан биыл су кеткен жоқ. Бастауын Өзбекстаннан алатын каналдан келетін су бұған дейін жаз ортасында мақтаралдық диқандарға жетпей, шаруалар шаш етектен шығынға батып, төккен терлері текке кететін. Мақтаарал ауданында 136 мың гектар суармалы жер бар. Биыл ақ алтын алқабының көлемі біршама ұлғайтылып 94 мың гектар жерге мақта егілген. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов жылдың басында журналистерге берген брифингте "Мақтааралда биыл су тапшылығы болмайды!" деп мәлімдеме жасаған еді. Кейіннен өңірдегі коллекторлық жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, тік дренажды ұңғымалар жарақтандырылды. Сол жұмыстардың арқасында ауданның су жүйелері ретке келіп, су тапшылығы жойылды. Сонымен қатар, су мәселесінің шешілуінде қазақ-өзбек қарым-қатынасының жандануы да өз нәтижесін беруде. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаздың шілде-тамыз айларында су тапшы болып, өзімізге тиісті суымызды 50 пайызға дейін ала алмай жүрген жылдар болды. Осы жұмыс қолға алынып, бірталай іс-шаралар жасалынды. Соның нәтижесін көріп отырмыз. Қазір өзімізге тиісті суды толығымен алып жатырмыз. Мақтааралға «Достық» трансшекаралық каналынан секундына 100 текше метр су түсіп жатыр. Бекітілген кесте бойынша 1 миллиард 116 миллион текше метр тіршілік нәрі алынады. Бұл суару маусымына және көктемгі сорды шаюға жеткілікті болады» - дейді «Қазсушар» РҚМ ОҚОФ директорының міндетін атқарушы Толқын Балпиков.
Бірнеше жылдан бері Өзбекстанмен су мәселесі жөнінде келісім жүргізген ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев «Достық» каналының суын пропорционалды түрде бөлісуге келіскенін айтып отыр. Яғни, дәл осы канал арқылы көрші ағайындардың 112 мың гектары, мақтааралдықтардың 136 мың гектары су ішеді. Төрағаның айтуынша, бұған дейін өзбек тарапы өздерінің гидробекеттеріне жібермейтін. Қазіргі келісім бойынша көршілес әріптестермен өздерінің бекеттеріне тексеру үшін, қадағалау үшін жіберетін деңгейдегі уағдаластыққа қол жеткізілген.
Былтыр Мақтаарал ауданының 50 мың гектары су тапшылығын көрген. Оның кесірінен 40 мың тоннадан астам ақ алтынды диқандар ала алмай қалған. Ал биыл бұл мәселе мүлде болған жоқ.
«Судан ешқандай мәселе болған жоқ. Мақтамыз толықтай бірінші суын ішіп бітті. Енді екінші суды ашып жатырмыз» - дейді 120 гектар алқапқа мақта дақылын еккен шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Арызқұлов.